Арман Әшімов: Жеңілмеген спортшыны нокаутқа түсірген кезде үш мың адам қоңырау шалды

Елімізде соңғы уақытта ережесіз жекпе-жекке деген қызығушылық артып, спорттың осы түрімен айналысатын жастардың қарасы көбейіп келе жатыр. Спорттың бұл саласында бас бармақпен бағалайтын, әлемдік ареналарда қарсыласты қаһарымен қаймықтырған тарландарымыз аз емес.

Қуат Хамитов, Арман Оспанов, Ардақ Назаров, Бейбіт Назаров, Қайрат Ахметов сынды жампоздардың ерлігін қазір жұрт жатқа соғып жүр, деп жазады baq.kz.

Жақында Ингушетия жерінде әлемге әйгілі M1 Global турнирі өтіп, сол турнирде Арман Әшімов есімді қазақ баласы керемет нокаутымен көпшіліктің назарын аударды. Оның осы бір жекпе-жегін Youtube бейне-порталында қарағандар саны миллионнан асып кеткен. 25 жастағы қазақ баласының ерлігін өзгелер жарыса жазып жатқан сәтте, бізде бірер ауыз сұхбат алып, арман-мақсаттарын тыңдасақ деген едік.

Арман, таяуда жеткен ірі жеңісіңізбен құттықтаймын. Осы M1 Global турнирі туралы әңгімелеп беріңізші?

-Рахмет! M1 Global турнирі – танымалдылығы жағынан әлемдегі үздік бестікке кіретін ірі халықаралық жарыс. Сондықтан бұл сайысқа қатысып, бақ сынау өте үлкен мәртебе деп айтар едім. Маған да осындай ірі әлемдік додаға қатысу керек болып жүрген. Өйткені, өзіңіз білесіз, спортшы бір орында тұрып қалмау керек, үнемі физикалық дайындығын шыңдап жүрмесе өспейді. Содан осындай ұсыныс түсті, біз де бірден ойланбастан келісім бердік. Дегенмен, жарысқа небәрі екі апта қалғанда ұсыныс алғандықтан, дайындалуға көп уақытымыз болмады. Бірақ, бапкерім екеуміз осы екі апта уақыттың өзін тиімді пайдалануға барымызды салдық. Таңертең 10-15 шақырымнан жүгірдім, қалған уақытты дене жаттығуларына және спарринг сайыстарға арнадық. Әрине, физикалық тұрғыдан жарысқа 100 пайыз дайын болдым дей алмаймын, өйткені, бәрібір екі апта аз уақыт. Десе де психиологиялық тұрғыдан дайын болдым. Өйткені, өзімде осындай жарысты аңсап жүрген болатынмын.

Сізді Ингушетия қалай қарсы алды? Қарсыластарыңызалдын ала анықталды ма?

-Ингушетия ел ұшақтан түскен сәттен бастап аяғымызды жерге тигізбей күтіп алып, ең керемет деген қонақүйлеріне орналастырды. Жарысқа дейінгі барлық жағдайымызды жасады. Қарсыластар әр кезде әрқалай. Бәрі жеребеге байланысты. Егер алдын ала анықталып жатса, онда интернет арқылы оның жекпе-жектерін көріп дайындаламыз. Бұл жарысқа осал спортшы келмейді. Жалпы, ММА турнирлерінің ішінде UFC мықты саналады ғой. Оның ерекшелігі жекпе-жектері сегіз бұрыштың ішінде өткізіледі. Ал M1 Global жарыстары кәдімгі бокс секілді шаршы алаңда өтеді. Дегенмен, ережелері, ұпай беру заңдылықтары, қолданатын әдіс-тәсілдері бойынша өте ұқсас, тіпті бірдей десе де болғандай.

Сіз сұлатқан жігіт осы күнге дейін жеңілмей келген екен. Оның осал тұсын қалай тап бастыңыз?

-Әрине, бұл жолы маған сәттілік серік болды десем болады. Оның үстіне жеңіске деген ынта-жігер де тұла бойымды жаулап алған секілді. Әлбетте, қарсыласым Гаджимурад Алиевтің де жеңілу үшін келмегені анық қой. Бірақ, мен барынша оның кемшін тұстарын тез байқап, әдіс қолдануға тырысып бақтым. Алиев осыған дейін M1 Global турнирінде 3-4 кездесу өткізген, бір-екі рет АСВ додасында да сынға түскен. Тікеден тік тұрып төбелескенде де, партерде де оның басымдығы байқалып тұрды. Бірақ, мен оны нокаутқа түсіретін кезді сәтті пайдаланып кеттім.

Жеңгеннен кейінгі көңіл-күйдің көтеріңкі болатыны түсінікті. Осы жеңістен соң қолдаушыларыңыз бен жанкүйерлеріңіздің қатары артқан шығар?

-Иә, бұл жеңіс менің атақ-дәрежемді көтеруге үлкен мүмкіндік берді. Өзім тіпті бұлай болады деп күтпеген едім. Жекпе-жектен кейін телефоным қоңыраулар мен құттықтаған хабарламаларға толып қалды. Әуелі ата-анам хабарласып, құттықтады. Артық айтқаным емес, жеке өзіме қоңырау шалып 3000-дай адам хабарласты-ау деймін. Осының бәрі маған үлкен күш-қуат сыйлайды. Енді тек еңбектену керек. Өзімнің арманым – әлем мойындаған чемпионға айналу. Мейлінше биік мақсат қойсақ, соғұрлым соған жету оңайырақ болады. Сондықтан қазақтың атын шығарар спортшы болсам деп армандаймын. Және оған жететін мүмкіндіктер менде бар.

Ал жекпе-жектерге тактиканы қалай таңдап аласыз?

-Егер қарсыласым балуан болса онда онымен барынша тік тұрып төбелесуге тырысамын. Себебі балуандар партерде, яғни, жатып төбелескен кезде өз ыңғайына қарай жығып алып, жеңіп кетуі мүмкін. Ал негізінде өзім қорғаныста жүріп алғанды, сылбыр төбелескенді, түрлі қитұрқы айла-әрекеттерді қолданғанды қаламаймын. Мейлінше, ашық төбелес көрсетпеуге тырысамын. Сонда жеңілген қарсылас та жекпе-жектен кейін анау-мынау деп сөз айтпайды.

Ал өзіңіз осыған дейін спорттың қай түрлерімен айналыстыңыз? Қазіргі спорттық формаңыз бен жетістігіңізге көңіліңіз тола ма?

-Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жосалы деген ауылда дүниеге келдім. Бірақ 3 жасқа толған кезімде отбасымызбен Алматы облысы Бесағаш қаласына көшіп кеттік. Қазір осында тұрамыз. Бесағашта оқып жүрген кезімізде 7-сыныптан бастап боксқа қызықтым. Алғашқыда мені Азат Хасанов деген бапкер жаттықтырған. Кейін Ерлан Таттыбаевтың қол астында жаттықтым. Алты жыл бойы Ерлан ағайым жаттықтырды, баптады, жарыстарға алып барды. Шаршы алаңда шыңдалуыма көмектесті. Бірақ, бокста көп тұрақтап қала алмадым. Себебі көптеген жарыста әділетсіздіктерге тап болдым, көпе-көрнеу қарсыластарымның қолын көтерген сәттер көбейіп кетті. Осыдан кейін боксты тастап, джи-джитсумен айналыстым. Спорттың бұл түрінен Қазақстан чемпионатын үш рет жеңгеннен кейін кикбоксқа көштім. Бұл жерде де Қазақстан бойынша қарсылас шақ келтірмеген едім. Содан 2014 жылы бір күні спорт залда жаттығып жатқан кезімде Петропавл қаласында ММА ережесіз жекпе-жегінен Қазақстан чемпионаты өтетінін естіп қалдым. Келіп, тіркеліп, салмақ өлшегеннен кейін алғашқы жекпе-жектерді қарап тұрғанмын. Бір кезде екі жігіт бірінен соң бірі бір-бірін оңдырмай теуіп құлатып түсірді. Осы көріністен соң менде біртүрлі қорқыныш пайда болып, сәл қобалжып қалдым. Өйткені, қанша дегенмен ережесіз ғой. Дегенмен, жекпе-жекке шыққан кезде бойымда сенімділік пайда болып, тек жеңіске ұмтылумен болдым. Бұл мақсатым нәтижесіз болған жоқ, сол жолғы турнир кубогын жеңіп алған болатынмын өз салмағымда. Ал қазіргі өзімнің спорттық жағдайыма көңілім толады. Бұл енді болдым-толдым деу емес, десе де барлығына сабырмен біртіндеп жетуді қалайтын адаммын. Осы ірі жеңіске жеткеннен кейін M1 Global ұйымдастырушылары маған өздері келіп, «сенімен келісімшартқа отырамыз» деп айтты. Қазір сол келісімшартты күтіп отырмыз.

Спортшы ретінде атақ пен қатар ақша да керек ғой. Табыс жағын қалай реттеп жатырсыз?

-Қазіргі таңда мен «Мұстафа Өзтүрік» спорттық клубының мүшесімін, сол жерде қызмет атқарамын. Сол орталықтың президенті Мейірбек Қайыр Сейсебек деген ағамыз үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ол кісі рухани қолдау білдіріп, жол көрсетіп, ақылын аямай, қаражат жағын да өз мойынына алып, көмек көрсетеді. Сондықтан ол кісіге деген алғысым шексіз. Осындай жағдай жасап отырғанда мен тек жеңістерге жетуім керек. Қазіргі кезде Нұрлан Аманқұлов және Нұрлан Мамырәлиев деген білікті бапкерлеріммен бірге жаттығып жүрмін. Отбасым да қолдаушыларым ретінде әркез қасымнан табылады. Әкем Кеңес Одағы кезінде самбомен айналысқан. Спортқа деген қызығушылық, жеңіске деген жігер сол кісі арқылы қанмен келген қасиет шығар деп ойлаймын. Ал анам болса бастапқыда спортқа келуіме қарсы болды. Оның үстіне жекпе-жек өте қиын спорт түрі. Аяғыңды ауыртып аласың, жарақат алып қаласың деп үнемі алаңдап отырады. Дәл қазіргі сәтте ешқандай жаттығу жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Себебі, Алла қаласа 16 тамызға үйлену тойымды жоспарлап отырмын. Содан кейін бірден спорттық күн тәртібіне көшемін.

Көрудің саны: 314  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру