Қаржылық бақылау күшейтіледі

Шағын несие ұйымдары арқылы мемлекеттен кәсібін ашуға немесе одан әрі дөңгелету мақсатында миллиондап несие алған аудандағы кейбір кәсіпкерлердің қарызы бүгінде 270 млн. теңгеге жуықтаған. Бұл тек негізгі қарыз ғана. Ал, осы қарыздың үстіне 20 млн. теңгеге жуық пайыздық үстемені қосыңыз. Міне, бүгінде аудан билігі мен аталмыш салаға жауапты бөлімдерді және шағын несие ұйымдарын алаңдатып тұрған осы мәселе. Осыған орай, жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі М. Оразбаевтың төрағалығымен 2011-2016 жылдар аралығындағы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының ІІ бағыты арқылы несие алған азаматтардың берешек қарыздары туралы жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, дербес бөлім басшылары, сот орындаушылары, кент, ауыл әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен шағын несие ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Жиында алдымен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ә. Жалғасбаев хабарлама жасап, бүгінге дейін мемлекетке қарызы қайтарылмаған борышкерлердің тізімдеріне тоқталып өтті. Қайтарылуы тиіс қарыздарға рәсімдеуші шағын несие ұйымдары тікелей жауапты болғандықтан, кейбір ұйымдардың қарыз бойынша құжаттары сотқа жолданғанын, алайда нәтиже айтарлықтай болмай тұрғандығын жеткізді. Сосын «Байқоңыр» «ӘКК «Ұлттық компаниясы» АҚ-ның маманы К. Нұртазаев Арал ауданы бойынша «Байқоңыр» «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы несие алған шағын несие ұйымдарының берешек қарыздары туралы хабарлама жасады.

Аудандағы қайтарылмай тұрған қарызы қомақты шағын несие ұйымдарының бірі-«Ерке Ел». Төрайымы А. Рысбаеваның айтуынша, кәсіппен айналысамын деп несие алған азаматтардың дені алған қаржыларын басқа мақсатқа жаратып жіберген, тіпті, кәсібін ашқандарды өз көздерімен көргеннің өзінде қарызды қайтаруға қауқарсыз болып шыққан. Яғни, қолға алған шаруасын дөңгелете алмай шығынға ұшырағандар.

Міне, осы сынды мәселелер аудандағы кәсіпкерлік саласын одан ары жетілдіруге кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Осыны ескерген аудан әкімі М. Оразбаев бұл олқылықтарды ретке келтіру үшін жауапты мекемелер мен ауыл әкімдері бірлесе отырып, жан-жақты жұмыс жасау керектігін ескертті.

Сонымен бірге үкімет қаржысын қайтаруға тиіс кәсіпкерлерден заңдылығына сай қаражаттар қайтарылуы тиіс екендігін қадап айтты.

«Толқын» ақпарат.

Көрудің саны: 100  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру