Басты міндет – жылды табысты аяқтау

Күн тәртібіне әкімдік және аппарат мәжілістерінде аудан өмірі үшін маңызды 6 мәселе ұсынылды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мәжілісті бастамас бұрын тағайындауларға тоқталды. Алдымен аудан активіне аудан әкімінің жаңа орынбасары болып тағайындалған Мерей Мейірбековті, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі болып сайланған Нұржау Ділмағанбетовті, жаңа заң талабына сәйкес ротациялық жолмен облыс әкімдігіне ауысып жатқан аудан әкімінің көмекшісі Еркебұлан Әбдікеровті және Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана директоры лауазымына тағайындалған Жанар Әлішеваны таныстырып, жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі. Сосын, аудан әкімінің орынбасарлары М. Мейірбековке, Р. Өтешовке, Ж. Әлішеваға және аппарат басшысы Н. Бохаевқа атқаратын міндеттерін бөліп берді.

Әуелі әкімдік мәжілісі өтіп, онда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәбитжан Нұрғалиев ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов Арал ауданының экономика салаларын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасымен 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылатын жұмыстар туралы, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрмұхамед Бохаев 2016 жылғы аудан әкімінің есепті кездесуде аудан тұрғындары тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы туралы және аудан әкімінің 2017 жылы аудан тұрғындарымен өтетін есепті кездесудің кейбір мәселелелері туралы хабарламаларын жасады.

Мұнан соң, аппарат мәжілісінде аудандық статистика басқармасының басшысы Еламан Қапанов статистикалық көрсеткіштердің 11 айдағы орындалуы туралы, аудандық қаржы бөлімінің басшысы Көбейсін Қыздарбеков 2016 жылғы қаржының болжамды игерілуі туралы, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Жиенбаев мереке күндері төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін болдырмау туралы хабарламаларын жасады. Жиында мұнан да басқа мәселелер қаралды. Аудан басшысы М. Оразбаев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша басым бағыттардың орындалуы жөнінде тапсырма берді. Бағдарлама әкімшіліктері бөлінген қаржыны игеруге келгенде икемсіздік танытқандардан да қатаң жауапкершілік талап етті. Бірқатар кент, ауылдық округ әкімдерінің жеткіліксіз жұмыстарын сынға алып, жол берген олқылықтарды жедел түзетуді талап етті. Сондай-ақ, мереке күндері барлық тиісті мекемелердің кезекшілік ұйымдастыруын, әсіресе, коммуналдық, құтқару, төтенше жағдай, жергілікті полиция қызметтері күшейтілген тәулік бойы жұмыс істеп, жауапты адамдарды бекітуді назарға салды. Аудан басшысы табиғаттың тосын мінезін ескере отырып, жылу қазандықтарын, электр энергиясы, газбен, сумен қамтамасыз ететін мекемелер мен құтқару қызметтеріне бірлесе жұмыс істеу керектігін тағы бір қадап айтып өтті. Өзінің қорытынды сөзінде аудан әкімі М. Оразбаев әкімдер мен мекеме, кәсіпорын, ұжым, басқарма және дербес бөлім басшыларының алдына биылғы жылды табысты аяқтап, көрсеткіштерді жақсарту жолында жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ, келер жылдың берік негізін қалауды, әсіресе, басым бағытты Арал ауданы Жол картасында белгіленген тапсырламаларды мүлтіксіз орындауды басты міндет етіп қойды. Қаралған ең өткір де, ең өзекті мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, шешімдер қабылданды.

Құндыз Дәуітова.

Көрудің саны: 136  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру