БІЛІМ САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған жұмыстардың қай- қайсысында да нәтиже бар. Мәселен, білім саласына байланысты айтылған ойлар мен жасалған қолдаулар. Бүгінгі таңда еліміз білім саласына басымдық беруде көптеген елдерден көш ілгері келе жатыр. Оған айқын дәлелді Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдаулары мен кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан-ақ айқын аңғаруға болады. Онда білімнің салтанат құруын басты мақсат етіп, сол арқылы қазіргі заманның көшіне еркін ілесерімізді сөз етті. Мұндағы басты тетіктердің бірі-үштілділік екенін де ашып айтты. Айталық, Елбасымыздың мақаласында: «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»,- делінген. Біз мақаладағы осынау жолдарды өмірде басты ұстанымдардың бірі етуіміз керек. Себебі, Елбасымыз қазіргі заман білімді жастардың заманы екенін, білімі жетік буын заманынан озық болатынын айтқан. Сонымен бірге, табысқа жетудің де басты себептерінің бірі-білімде екенін жоққа шығармайды. Ең аяғы кәсіпкер болу үшін де жоғарғы деңгейлі білімінің болуы керектігін сөз еткен. Иә, бабаларымыз “Білектінің заманы өтіп, білімдінің заманы келе жатыр, дайынбысың әлеумет?!” деп айтып кеткен емес пе? Сол үшін біз аянбай еңбек етіп, білімнің шыңына жетуге ұмтылуымыз керек. Сонда ғана жаһандық бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енеміз. Ол үшін бізге алдымен сапалы білім алу мен өз қызметіміздің қыр-сырын толық меңгеруіміз шарт. Сондықтан, жасампаз елді табысқа бастайтын біздің басты құжатымыз Елбасы мақаласында басымдыққа ие білім саласы қай заманда да қазақ баласының басты жетістіктерінің біріне айналуы керек деп білемін.

С. ҮМБЕТОВ,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Көрудің саны: 38  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру