БЖЗҚ қарызға берілген 40,5 миллиард теңгені қайтарып алмақ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры түйінді мәселеге арқау болған 40 миллиард 500 миллион теңгені қайтаруға тырысып жатыр.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Баспасөз мәслихатында БЖЗҚ басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов дефолтқа ұшыраған 21 эмитентке қатысты 40,5 миллиард теңгені қайтаруға ниетті екендерін айтты. “Қазақстан Қағазы” АҚ эмитентіне қатысты сауықтыру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл эмитенттің номиналды құн бойынша қарызы 12,5 миллиард теңгені құрайды.

Ал “Имсталькон” АҚ-ға қатысты сауықтыру шарасы тоқтатылып, банкрот ретінде тану үшін азаматтық істі қарау басталды. Оның жалпы қарызы – 3,4 миллиард теңге.

13 эмитент бойынша БЖЗҚ-ның пайдасына қарызды қайтару туралы сот шешімі шығарылған. Номиналды құн бойынша жалпы қарыз 8,8 миллиард теңгені құрайды. Осы ретте “Трансстроймост” АҚ, АҚ VITA, АҚ GLOTUR, АҚ Валют-Транзит Банк, АҚ “Қарағанды асбест-цемент өнімдері зауыты” банкрот деп танылды. Жалпы қарыз көлемі – 15,1 миллиард теңге. Жалпы қарызы 0,6 миллиард теңге болып табылатын бразилиялық SAMARCO MINERACAO SA эмитентіне қатысты сотқа дейінгі реттеу шаралары жүріп жатыр.

“Қордың қарызды қайтару бойынша жүргізген үлкен жұмысына қарамастан қазіргі кезде толыққанды қарызды қайтару мүмкіндігі аса жоғары емес. Осыған байланысты қарызды қайтарудың азаматтық шағым негізіндегі барлық әдістері тоқтатылып, тек ұзақ уақыт бойы сот шешімін орындамай жүрген және БЖЗҚ алдында қарызын өтемегендерге қатысты қылмыстық істі қарау басталды”, – деді Мәулен Өтеғұлов.

Бірінші тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинағының жалпы көлемі 7,27 триллион теңгені құрады. Жыл басынан бері 588 миллиард теңгеге артқан.

Көрудің саны: 106  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру