Еңбек еткенге бақыт басын иеді

«Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес-біздегі жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі, оны дамыту үшін жекеменшік институттың заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс».

Н.Ә.Назарбаев.

Қазіргі қоғамдағы тіршіліктің негізгі көзі-шағын және орта бизнес, шағын кәсіпкерлікпен айналысу болып бара жатқанына көзіміз үйреніп қалғаны қашан. Нарықтық экономика заманында бұл жүйеге өту және осы бағытта жұмыс жасау қалыпты жағдай екені анық. Кәсіпкерлікпен айналысуға беріліп кіріскен жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, кәсібін жолға қоюға, аз пайыздық несиеге қол жеткізуіне көмек көрсетіліп келеді. Осы турасында Елбасымыз да кәсіпкерлікті дамыту мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Дегенмен, қазіргі таңдағы өздерін жеке кәсіпкер ретінде заңдастырып, жұмыс істеп жүргендердің басым көпшілігі дайын тауарды алып-сатумен айналысуда десек, шындықтан алыс кетпейміз. Алайда, әуелде басында алып-сатумен жұмысын бастап, кейін өздерінің отбасылық бизнестерін ашқан, бүгінде кәсібін бір жолға қойып, тұтынушылар тарапынан жылы лебіздер естіп жүрген жандар да арамызда жыл санап артып келеді. Солардың бірі-бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі тұрған Аманөткел ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Дайрабай Жалғасбаев. Ол тек халық тілегін билікке жеткізіп қана қоймай, оның орындалуын басшылыққа алып жүрген азаматтардың бірі. Өн бойынан ер-азаматқа тән жомарттық пен мәрттік табылатын  еңбекқор жанның ауыл,  аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосып жүрген өзіндік үлесі де бар.

Қиыннан қиыстырып, оңтайлы іс атқарып жүрген Дайрабай ағамыз  қазіргі күні отбасылық бизнесті жандандырып отырған белгілі кәсіпкер. Әрдайым  «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген ұлағатты  сөзді айтып жүретін ел ағасы жайында айтар болсақ, ол Отан алдындағы әскери  борышын өтеп келген соң, 1986 жылы туған жеріне оралып, еңбек жолын ПМК-4 мекемесінде көлік жүргізуші қызметінен бастайды. Сол жылдары жары Жәмиламен бас қосқан Дайрабай, 1988 жылы мұнай саласына ауысып, оператор болып жұмысқа орналасады. Алайда, 2000 жылдары қиындық туып, қызмет етіп жатқан мекемесі ыдырай бастаған тұста, жаңашылдықты жаны сүйетін жігіт ағасы өзінің жеке кәсібін ашып, жұмысын дөңгелентіп әкетеді. Осы уақыт аралығында көптеген қиындыққа төтеп беріп, кәсіпкерлік саласының қыр-сырын терең меңгерген ол, бүгінгі күні ауылдан  жанар-жағар май және газ құю бекеттерін ашып, халыққа сапалы қызметін ұсынып отыр. Сонымен қатар, Арал қаласынан да жанармай құю бекетін ашқан кәсіпкер «мемлекет маған не береді деп емес, керісінше, мен мемлекетке не беремін ?» деген ұстаныммен өмір сүретінін сөз арасында айтып жүреді.

Осы турасында Дайрабай Баймұратұлы:

-Қазіргі заманда көбі отбасы құндылықтары, атаның өрелі еңбегін жалғастыру ісі, дәстүр сабақтастығығы бағаланбайды деп жатады. Алайда, өз өмірін ойланбастан ата дәстүрмен жалғастырып, «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүрер» демекші, әке мен ананың ізін басып, отбасылық кәсіпті абыройлы атқарып жүргендер ауданымызда жетерлік. Менің де алға қойған мақсаттарымның бірі-отбасылық кәсіптен нәсіп көру болатын. Құдайға шүкір, бүгінде жоспарларым жүйесімен орындалып келе жатыр деп ойлаймын. Сондай-ақ, жуырда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қомақты несие алып, меншігімдегі «Жалғасбаев» шаруа қожалығына 25 бас жылқы алдым. Қазақ негізінен жылқы мінездес халық деп жатамыз ғой, бала күнімнен өркениет дамуының негізін қалаған  сәйгүліктерге деген қызығушылығым еш басылған емес. Жылқыны өсіру мен оның өнімдерін бабына келтіріп дайындау және пайдалану атам қазақтың ежелгі ісі болғандықтан, жылқы өсіруге деген ынта-ықыласым барынша күшейіп отыр. Болашақта жылқы дамыту шаруашылығым дамып жатырса, асыл тұқымды тұлпарларды өсіріп-баптасам деймін,-деп, алдағы мақсаттары жайлы бізбен ой бөлісті.

Иә, жылқы өнімдеріне деген ынта-ықылас әлем бойынша артып келе жатырғаны рас. Себебі, осы күнге дейін жылқы етін жеп көрмеген кейбір елдер бұл тағамды ас мәзірлеріне ендіріп жатыр. Тіпті, Еуропа халықтарының өздері қымыздың адам денсаулығына аса пайдалы екенін зерттеп, шипалы сусынның технологиясын меңгеріп жатыр. Ендеше, ел ағасының бұл бастамасы құптауға әбден лайықты іс.

Оңтайлы іс атқарып жүрген Дайрабай ағамыз өзінің отбасылық бизнесінде жалпы саны 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Асыл жары Жәмиламен бір шаңырақ астында отырып, өнегелі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеген ол адал еңбек пен маңдай термен тапқан нанның қашан да дәмі бөлек болатынын біледі. Оның алған марапаттары көп-ақ. Мәселен, ауданның үздік кәсіпкері төсбелгісі мен тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы медалімен марапатталғаны жемісті жылдарының белгісі іспетті.

Біз де әрдайым қайырымдылық шаралардан шет қалмай, сауапты іс істеуге асығып жүретін кәсіп иесіне тауық жылында да жарқын бастамаларға  ұйытқы болатынына сенеміз.

Света Үсенқұлова.

Көрудің саны: 194  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру