Ел ынтымағының ұйытқысы

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ елінде осы уақытқа дейін 5 мәрте Конституция қабылданған екен. Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Конституция қабылданған күн, бұл тағдыры ортақ бүкіл Қазақстан халқы үшін аса маңызды тарихи күн.

Елбасымыз атап өткендей, Конституция – бұл мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Оны мемлекеттің саяси-құқықтық төлқұжаты деп бекер атамайды. Себебі, Конституция ең алдымен мемлекеттің қандай жолмен дамитынын, басты құндылықтарын өлшеп-пішіп, айқындап беріп отыр. Ата Заңның 1 бабының 1 тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Ендеше еліміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң жүзінде айшықтаған, әлемге Қазақстан деген ел бар екенін жариялаған ресми құжат болып табылады.

 «Қазақстандық жол» атты кітабында Президентіміз: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек»,- деген болатын.

Конституцияның алғысөзінің: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», — деп басталуының да мәні осында жатыр.

Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституцияда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын дамыту мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп қызмет етулері үшін жағдай жасайды.

Конституция – бұл қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы және дамудың демократиялық жолына түскен Қазақстанның өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз да өміршең құжат.

Сондықтан әрбір азаматымыз ең алдымен тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді әлемге танытқан Ата Заңымызды ардақ тұтып қастерлеп, құрметтеуі қажет. Сонда ғана, қоғамның шынайы дүниетанымы және конституциялық мәдениеті қалыптасады.

Дидар Мұратбекұлы,
Арал аудандық сотының судьясы.

Көрудің саны: 16  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру