Ел жетістігін еселей түспек

ЭКСПО-көптеген елдер келешегіне үмітпен қарайтын үлкен жоба екені көпке белгілі. Онда танылар ұлттық құндылықтар мен терең тарихымыз миллиондаған жанның назарына ілінбек. Көрменің бастау алғанына жиырма күн. Міне, осы уақыттар ішінде әр қырымыздан танылып та келеміз.  Бұған дейін бірнеше бейбіт келісім мен келелі кеңестердің ордасына айналған Астана қаласы бұл көрме аясында әлі де әр қырынан таныла түспек. Осындай маңызы бар айтулы оқиғаны Астана қаласында өткізу еліміздің ең негізгі жобаларының бірі десек болады. Себебі, мұндай маңызы бар ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастаманы алғашында Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевтың өзі көтерген еді. Енді байқап қарасақ, халықаралық маңызға ие көрме көптеген елдердің біздегі мәдениет пен дәстүрге, тарихи құндылықтар мен байтақ жеріміздің сұлу табиғатына қызғушылығын оятып келеді.

ЭКСПО көрмесі ТМД елдері арасында Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Жауапкершілігінің жүгі ауыр айтулы шараға еліміздің жоғары деңгейде мән беруінің де себебі осында шығар. Негізінен, мұндай ауқымды оқиғаны абыроймен өткізер болсақ, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашылып, көрме аясында бой көтерген түрлі нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымына жекеменшік инвестиция тартуға мол мүмкіндік туындамақ. Мұндай маңызға ие үлкен жобаны өткізгеннен кейін де елдегі өркендеу қарқын алмаса, бәсеңдемек емес. Қалай айтсақ та, елдің елдігін танытып, құнды дүниелеріне қайта жан бітіретін жаһандық көрме тәуелсіз әрі жас мемлекетімізге мол мүмкіндіктер тарту еткелі тұр.

Иә, ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесі маңызы жағынан дүниежүзілік, экономикалық форумдармен, туристік тартымыдылығы жағынан жаһан жұртшылығы тапжылмай тамашалайтын әлемдік маңызы бар спорттық додалармен салыстыруға тұрарлық халықаралық елеулі оқиға. Сондықтан, еліміз жауапты әрі мүмкіндігі мол көрмені өз деңгейінде өткізуді көздейді.

Б. Жұбаназаров,
№227 негізгі мектеп директоры.

Көрудің саны: 33  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру