Энергетика министрі: Қазақстанда электр энергиясы тарифтері қымбат деп ойламаймын

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев президент Назарбаевтың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында тарифті көтеру туралы ойына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

“Барлық аймақтарда тарифтерге субсидия бөлінеді. Отын республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып алынады. Бүгін премьер-министр ШҚО, Жамбыл, Қостанай облыстарының өтініштерін қарауды тапсырды. Шын мәнінде отын сатып алуға кеткен шығын тарифте болуы тиіс, ал әкімдер болса өңірлерден ақша алып, бірақ тарифтерді көтермеу керек деп жұмыс істейді. Біздің ойымызша инвесторлар тартып, заманауи құрылғылар сатып алып, кеңес дәуірінде тұрғызылған жылу электр орталықтарының жұмысы үшін өз құнын төмендетуі тиіс. Сол кезде сәйкес тарифтер орнап, инвестиция қайтады”, – деді министр.

Ол еліміздегі электр энергиясы тарифтерінің қымбат емес екенін де еске салды.

“Қазақстан электр энергиясы тарифтері қымбат деп ойламаймын. Ұлттық маңызы бар бекеттерде бір киловатт сағаты- 7-8 теңге, «KEGOC» АҚ тарифтері – үш теңгеге дейін”, – деді Бозымбаев.

Еске салсақ, кеше президент Назарбаев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында тарифтерді көтермей, инвестор тартудың қиын екенін айтқан еді.

“Су, жылу құбырларын жаңарту үшін өте көп ақша керек. Ал шетелдік инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында заңды жетілдіру қажет. Әр инвестор келген кезде: “Станция саламын, ал электр энергиясын қаншадан сатамыз?” деп сұрайды. Бұдан қорқудың керегі жоқ”, – деді Назарбаев.

Ал өз кезегінде инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы 13 млрд теңгеден асып жығылғанын мәлімдеді.

Көрудің саны: 202  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру