Халыққа сапалы қызмет көрсетеміз

Еліміз экономикасы дамыған елу елдің қатарынан ойып орын алып отырған табысты мемлекет екенін айтуымыз керек. Иә, нарықтық экономика дамып, ел азаматтарының белсенділігі артып келеді. Елбасының сарабдал сара саясатының арқасында еліміздің экономикасы жан-жақты жаңғыртылып келеді. Жуырда Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Оны баспасөзден мұқият оқып таныстық. Елімізді одан әрі жетілдіруге нақты қадам жасалды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақыбырындағы Жолдауын жариялағаны мәлім. Жолдау жылдағыға қарағанда ерекшелігімен құнды дер едім. Онда жаһанның алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін негізгі 5 басымдықты белгілеп берді. Соның ішінде 5-ші басымдық институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Осы бағытта қандай кеселдің де алдын алып, еліміздің көркеюіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Сондықтан, қай-қайсымыз да сыбайлас жемқорлықпен күресіп, оны болдырмау мақсатында жұмысымызды сапалы жүргізіп келеміз.

Ең бастысы, Елбасы атап өткендей, отбасылық бизнесті ұйымдастыру және дамыту  қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Оны өзіміз тұратын кентімізде де жүзеге асырып, әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздықты оңтайлы шешуге, сол арқылы халықтың күнкөріс деңгейін көтеруге зор ықпал етіп отырмыз. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өрісін кеңге жайса, өңіріміздің де, еліміздің де әлемдік бәсекеге қабілеттілігі артары сөзсіз. Елбасы Жолдауына жауап ретінде отбасылық кәсіпті ұйымдастыруды қолға алдық. Әкем Серік, ағам Бекбол ұйытқы болып, «Керуен» сауда кешенін тұрғыздық. 30-ға жуық кент тұрғындарын жұмыспен қамтып отырмыз. Кешенде шаштараз, дәріхана, тігін цехы, фотосалон, несие беретін серіктестік, азық-түлік, тағы да басқа, жалпы 25 кәсіпкер өз қызметтерін заңды кәсіпкер ретінде тіркеліп, атқаруда. Мемлекет кез келген іскерліктің түріне кеңінен құлаш жаюына мүмкіндік беріп отыр. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып отырмыз. Иә, олар халыққа көрсететін кәсіпкерлік қызмет үшін мемлекетке тиесілі салықтарын уақытылы төлеп те тұрады. Алдағы мақсатымыз бұдан да айқын, алар асуымыз бұдан да жоғары. Оған аталмыш сауда кешеніндегі 30-ға жуық кәсіпкерлерім аянбай білек сыбана еңбек көрігін қыздырып жатқанын айтуым керек. Жалпы, кент тұрғындары жасап жатқан игі ісімізге дән риза.

Баян Талдықбаев,

кәсіпкер, Сексеуіл кентінің тұрғыны.

Көрудің саны: 116  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру