Инновациялық жобаларға арналған грант алудың 3 өлшемі

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Омаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында инновациялық жобаларға арналған гранттарды алудың 3 өлшемі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Бізде негізгі үш өлшем бар. Біріншіден, технология заманауи болуы тиіс. Екіншіден, оның өнеркәсіпте қолданылу фактісі болғаны жөн. Бұған қоса, ол экспорттық әлеуеті бар өнімді өндіруге бағытталған болуы керек», — деді Марат Омаров.

Сонымен қатар ол елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту процесіне көмек беру қажеттігін атап өтті және агенттіктің негізі жұмысы дәл осы бағытта жүргізілетіндігін айтты.

«Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсетуге баса мән беретіндігімізді айрықша айтқым келеді. Кәсіпорындарымыздың қазіргі технологиялық даму деңгейі өте төмен. Біздің мақсатымыз — кәсіпорындардың жаңғыртылуына жәрдем беру, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрғандарды Қазақстанға әкелу. Дегенмен отандық өнертапқыштардың да әзірлемелерін ысырып тастамаймыз. Біздің коммерцияландыруға арналған гранттарымыз дәл осы бағытта болып отыр», — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Марат Омаров бүгін «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ еліміздің Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп инновациялық жобаларды гранттық қаржыландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды бастағандығын мәлім еткен болатын.

Айта кетерлігі, гранттық қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру оң әлеуметтік-экономикалық динамиканы көрсетуде. Мәселен, грант алушылардың мәліметі бойынша 2014 жылдан бастап 2017 жылдың 1-ші жарты жылдығы аралығында инновациялық гранттарды жүзеге асыру нәтижесінде 2773 жұмыс орны құрылып, 7,6 млрд. теңгеден астам салық төленді және 131,4 млрд. теңгеден астам соманың өнімі өндірілді.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/innovatsiyalyik-jobalarga-arnalgan-grant-aludyin-3-olshem-99207/

Көрудің саны: 70  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру