Кәсіпкер болуға мүмкіндік мол

Кәсіпкерлік саласы қазіргі уақытта қоғамның жетекші күшіне айналғандай. Бұл бағытқа жұмсалатын қаржы қаншалықты қыруар болса, онымен айналысатын жандарға берер берекесі де соншалықты. Әрине, бұл іс барлығына бірдей жаға бермесі анық. Әйтсе де, осы саладан жолы болып, тасы өрге домалап жатқандардың жайы кім-кімді де таңдай қақтырмай қоймасы анық. Сондықтан, кәсіпкерлік ерекше табандылық пен еңбекқорлықты талап ететінін мойындауымыз керек. Иә, бұл салаға деген мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығы мен жеңілдіктерін мақтанышпен айтуымызға болады. Мәселен, осыдан оншақты жылдар бұрын екінің-бірі кәсіпкерлікпен айналыса алмаушы еді. Тоқыраудың уақыттарында тіптен қиынның-қиыны еді. Қазір тәубе, кез-келген жан өзін осы бағытта сынап көремін десе, мемлекет қолдап жіберуге дайын. Бұрынғыдай ретсіз тексерістер мен заңсыз қысымдар мүлдем жоқ. Болған күннің өзінде оны заң реттеп беруге әсте қауқарлы. Оның үстіне, еліміздің әр өңірінде кез-келген кәсіпкердің мүддесін қорғайтын арнайы орталықтар жұмыс жасап тұр. Кәсіп бастаймын деушілерге бағыт-бағдар сілтеп, кәсіпкер етіп даярлайтын орталықтар өз алдына. Осының бәрі, бір кездері тасада қалған кәсіпті қазіргі уақытта қарқынды сала етіп көрсетіп келеді.

Айталық, сіз жұмыссыздар қатарындасыз. Бүгін ертең табылатын қолайлы жұмыстың ретін көріп тұрған жоқсыз. Болған күннің өзінде оған әскери билет немесе жоғары оқу орнын бітіргеніңіз туралы диплом талап етіледі. Одан арғы күннің де оңып кетуі екі талай. Бітпейтін тапсырмалар мен қағазбастылық сізді әбден қажытуы да мүмкін. Ал, кәсіпкерлік салаға бетбұрыс жасағыңыз келсе бастысы өзіңізге сенсеңіз болғаны. Бәлкім кәсіпкердің алдына барып, зат саудалап алып жүргеннен басқа бұл саладан хабарыңыз болмас. Алайда, бастысы сіздің ниетіңізге байланысты барлығы. Оны аздаған уақыттың ішінде игеріп, көптен жоспарлап жүрген кәсібіңіз болса соған сай мамандар кеңесіне жүгінсеңіз әбден болады. Барлығын жан-жақты ұғынып, осы салаға шынайы бетбұрыс жасап жатсаңыз, онда одан әрі мемлекет қаржылай қолдауға дайын. Ол үшін қалаларда немесе аудан орталықтарында жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік палаталарындағы мамандар кеңесіне жүгінсеңіз болғаны. Осылайша, аздаған уақыттардан соң өзіңізді кәсіпкерлер қатарынан көріп қалуыңыз ғажап емес.

Иә, қандай жұмыстың да өзіндік жауапкершілігі мен ауыртпашылығы болары даусыз ғой. Соның барлығын жеңе білетін, өз-өзіне сенімді жандардан ғана шынайы кәсіпкер шығуы мүмін. Бәлкім сіз бар мүмкіндікті пайдаланып, өзіңізді осы бағытта сынап көрерсіз. Ерік өзіңізде. Тек жұмыссыз жүрмей, билік пен халыққа аз да болса пайдаңыз тиіп жатса болғаны. Өйткені, қазіргі нарық заманы құр жатқанды барлығынан құр қалдырарын ұмытпағаныңыз абзал.

А. Бисенов.

Көрудің саны: 102  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру