Әлем мәдени жетістіктерімізбен де таниды

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болу үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруды баса айтқан болатын. Себебі, әлем Қазақстанды саясаттағы ірі бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де тануы тиіс.

Жобада мәнді мәселелер молынан қамтылған. Атап айтсақ, ең алдымен отандық мәдениет Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі-ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Сондай-ақ, бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениетіміз болуы тиіс және мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру да жобада көрсетілген. Мәдени өнімдеріміздің тек кітап түрінде ғана емес, әр түрлі мультимедиалық тәсілдермен шығару қажеттігі де көрсетілген.

Мұндай мазмұнды да пайдалы жобаны жүзеге асыруда шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясының және университеттер мен қоғамдық ұйымдардың үлкен рөл атқаруы қажет. Ал, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткізсек, сонда Қазақстанның мәдениетін жаһан жұртшылығы білетін болады.

Елбасымыз айтқандай, биылғы жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістігімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Ал, бірегей бағдарламаны алдағы 5-7 жылда тыңғылықты жүзеге асыру көзделуде. Осылайша, төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, жауһарларымызды төрткүл жаһан танитын болады.

Мәрия Ақмырзаева,
Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі.

Көрудің саны: 30  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру