Әлемдегі ең сараң әйел жайлы не білесіз?

1916 жылы 3 шілдеде әлемдегі бірден бір сараң әйел 81 жасында жүрек талмасынан көз жұмды. Мәселе оның өлгенінде емес, өмір бойына сараңдықтан сан соққанында болып тұр.  Тіпті осы әдет оны Гиннестің рекордтар кітабына есімін енгізді.

Өлер алдында Генриеттаның байлығы 4 млрд доллар болған.  Сегіз мың гектардан астам жері бар, темір жолмен байланысты көптеген акциялардың иесі неге жомарт болмағаны түсініксіз, деп жазады Айқын газеті.

Генриетта 1834 жылы әжептәуір дәулеті бар отбасында өмірге келген. Олардың негізгі табыс көзі кит майы болған.  Қызды негізінен атасы Гидеон Хоуленд тәрбиелейді.

Атасының көзі нашар көре бастаған тұста жеті жасар Гетти қарияның тізесіне отырып алып, газеттегі жаңалықтарды оқып беретін болған.  Оны қаржы жаңалықтары және түрлі акциялар мен облигациялар қатты қызықтырған.  Осының әсері болар  13 жасында отбасылық бухгалтер болып шыға келеді.  Бойжеткеннің ұқыптылығы мен сараңдығы бірден көзге түседі. Үстіне киген киімдерінен де оның артық ақша жұмсаудан аулақ жүретіндігі байқалатын.  Гетти анасы өлгеннен кейін тіпті Шығайбайға айналады. Қонақ күтуді азайтады, үйдегі білте шамды көп жақпайды, қолданылған майлық қағазды тастай салмай, оны дымқыл күйінде үтіктеп қайта пайдаланатын болған.

1865 жылы әкесі дүниеден өткенде, қызының атында 7,5 миллион доллар  қаражат қалады. Осы тұста болашақ күйеуі Эдвард Гринмен танысады. Бірнеше тіл білетін жігіт жарты әлемді шарлап шыққан жиһанкез. Тіпті  Филиппиндер аралында 18 жыл тұрақтап қалып, сауданың сан түрін меңгереді.

Эдвардқа тұрмысқа шыққан Генриетта Құдай қосқан қосағымен  келісімшарт жасасып, бар байлығынан бір тиын да бермейтіндігіне уәде алады. Эдвард қарызға батқанда да көмектеспей, керісінше үйінен қуып жібереді.  Есесіне биржа брокерлері Гетти Гринді асыға күтетін. Ол компания акцияларын сатып алған соң, іле-шала баға шарықтай жөнелетін.

Күйеуінен қалған екі бала анасының аса сараңдығынан көп зардап шегеді. Гриннің басында баспана болмаған, арзан қонақүйлерді жалдап тұрған.  Азық-түлік пен дәрі-дәрмекке де қаржысын үнемдеп жұмсаған.   Тұратын үйінің мұржасын тазалауға мамандар шақырмаған, кір жуу орындарының қызметін пайдаланбаған.  Балаларын газет сатуға жұмсап, жастай ақша табуға итермелейді.  Дүкеннен бір зат алу үшін сағаттап тұрып саудаласқан.  Осы қылығы үшін де сатушылар оны жек көретін.

Генриеттаның сараңдығынан баласы аяғынан айырылғаны да шындық. Нэд өзіне әперген шанасымен аязды күндердің бірінде сырғанақ теуіп жүріп аяғын сындырып алады. Анасы оны кедейлерге арналған ауруханаға апарады. Оны танитын дәрігерлер баласын емдеуден бірден бас тартады.  Есесіне Гетти ұлын үй жағдайында емдеуге кіріседі. Нэд бірнеше жыл азапты ауруды басынан өткеріп, ақыры аяғын кестіріп тынады.

Қартайғанда да қорқыныш пен үрей құшағында өмір сүрген Гетти  үнемі жанынан қаруын тастамаған.  Ол жаңадан пайда болған көлік секілді құралдардың барлығынан бас тартып, тек ақша жинаудың құлына айналады. Бірде оның тосыннан түсірілген суреті газетке де басылып кетеді.

81 жасында жүрек талмасынан көз жұмған Геттидің екі ұлы 4 млрд долларға мұрагер болып шыға келеді. Нэд есімді ұлы қаражатының бір бөлігін көлік жасау мен технологиялық жаңалықтар ашуға жұмсайды.  Оның анасынан айырмашылығы сараңдықты суқаны сүймеген.

Жолдасбек Дуанабай.

Көрудің саны: 600  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру