Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіліп жатыр?

Елімізде тағдыр тауқыметіне түсіп, туа бітті мүгедек болып жатқандар және жол көлік апатынан мүгедек болғандар өте көп. Еліміз мүмкіндігі шектеулі жандарды мемлекеттік — әлеуметтік жәрдемақыны алушыларды үш топқа бөледі. Жалпы аурулар бойынша, әскери қызметте жарақат алғандар және мемлекеттік орган қызметкерлеріне арнайы тағайындайлады. Мәселен туа бітті мүгедектер мен бала кезінде мүгедек болғандарға жәрдемақыны былайша тағайындалады: 1-топ мүгедегіне – 43 538 теңге, 2-топ мүгедегіне – 33999 теңге, 3-топ мүгедегіне – 23970 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 32042 теңге, бала кезінен 1-топ мүгедегіне – 43538 теңге, бала кезінен 2-топ мүгедегіне – 35466 теңге, бала кезінен 3 топ мүгедегіне – 27884 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мемлекет 1-топ мүгедектеріне 43 538 теңге жәрдемақы алады делік. Осы жәрдемақы жеткілікті ме? Есептеп көрейік. Бір адам күніне кем дегенде 500 теңгеге тамақ алып ішеді. Отыз күнде 15000 теңге кетеді және жолына айына кем дегенде 10 000 теңге кетеді деп есептесек. Тағы алатын дәрі дәрмектері бар. Ал дәрі-дәрмектердің бағасы өте қымбат екені өздеріңізге мәлім. Мемлекет берген жәрдемақы 1-топ мүгедектеріне жеткілікті болса, 2-ші, 3-ші топ мүгедектеріне жетпеуі мүмкін. Осы туралы Теміртау қаласының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Ұлжан Тілеукеде де айтып отыр. «Менің үшінші балам туа бітті мүгедек. Күйеуім үшінші баланың мүгедек екенін білгеннен кейін бізді тастап кетті. Балам жүреді, сөйлейді, өте ширақ, бірақ оң қолы мен оң аяғы баяу дамып келеді. Баламның мүгедектігіне мемлекет ай сайын жәрдемақы ретінде 60 000 теңге қаражат береді. Бұл жәрдемақы жеткіліксіз. Тағы да бір ренішім мектепте берілетін тегін тамақтан баламды алып тастапты. Бұған не себеп деп сұрағанымда «сіздер ай сайын жәрдемақы аласыздар» деп жауап берген болатын. Сонда 60 000 теңгеге тамақ алып іше ме, әлде дәрі-дәрмегін аламыз ба? Дені сау балалар тамақ ішуге кетіп бар жатқанда, мүгедек балалардың жәутеңдеп сыныпта қалып қоюы қаншалықты ауыр екенін білесіз бе?»,- дейді Ұлжан Тілеухан. Мектеп қабырғасына барған балаңыздың сыныптастарымен, мұғалімдерімен қарым-қатынасы қандай? Балам дені сау балаларға қарап, талпынып өссе екен деп орта мектепке бердім. Бұл менің аналық шешімім еді. Мектепте өзім жұмыс жасағаннан кейін баламды еш қиындықсыз қабылдап алған болатын. Сыныптастары өз бауырларындай, ал мұғалімдері өз балаларындай қарайды. Жақында ЭКСПО көрмесіне мүмкіндігі шектеулі балаларды және әлеуметтік жағдайы төмен балаларға баруға мүмкіндік берді. ЭКСПО-ға баратын балалардың ішінен менің баламды алып тастады. Бірақ не себепті алып тастағанын біле алмадым. Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде айтыңызшы, Қазақстанда ерекше балаларға жеткілікті деңгейде жағдай жасалған ба? Мүмкіндігі шектеулі балалар қазіргі таңда өте көп. Олардың барлығына бірдей көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан, Білім министрлігі тарапынан мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына аса назар аударылса, дені сау балалардың алдында еңселерін тік ұстап жүретіндей дәрежеге жетуге көмек қолын созса екен деген тілегім бар. Ата-аналар мемлекет тарапынан қандай құқықтары бар екенін білмейді. Қоғамдағы беделді азаматтар дұрыс заң мен дұрыс шешім қабылдауды үйренсе екен. Мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп отырған жәрдемақы жеткіліксіз екенін Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Маржан Қыдырәліқызы растап отыр. Маржан Қыдырәліқызының баласы Нұрсұлтан құлағының есту қабілетінің нашарлауынан мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына жатады. Нұрсұлтан туа бітті мүгедек емес. Кішкентай кезінде бір тамақтан уланып, емxанаға барған. Сол кезде дәрігерлер қате екпе салған. Содан келе-келе құлағының есту қабілеті нашарлаған. Қазіргі таңда Нұрсұлтан Тараз қаласында «Мейірім» мектеп-интернатында жетінші сынып оқиды. Нұрсұлтанның анасы Маржан Қыдырәліқызының айтуынша мемлекет бөліп отырған жәрдемақы жеткіліксіз дейді. «Біз ауылдық жерде тұрғандықтан Нұрсұлтанды қалаға апарып, ай сайын барып тұруымыз керек. Ал ай сайын беріліп отырған жәрдемақы бұған жетпейді»,- дейді мүмкіндігі шектеулі Нұрсұлтанның анасы. Маржан Қыдырәліқызы да қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі балалардың қандай құқықтары бар екенін білмейді екен. Енді осы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарына тоқталып кетсек. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» құқықтары Қазақстан Республикасының Заңымен реттелген. Осы заңда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары жазылған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғам өмiрiне белсене араласуына денi сау балалармен бiрдей құқығы бар. Солардың ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың басты құқықтары мыналар: 1. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп — бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқа да заңды өкілдері мемлекеттен көмек алуға құқығы бар. 2. Ақыл-есiнiң немесе дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларды қоса алғанда, мүгедек балалар медициналық — әлеуметтiк көмек алуға құқылы. 3. Мүмкіндігі шектеулі балалар біліміне сай кез-келген мектептен бiлiм алуға, шығармашылық және қоғамдық үйірмелерге (биге, әнге т.б) тегін қатысуға құқылы. 4. Мүмкіндігі шектеулі жандар кез-келген қоғамдық көлікке тегін отыруға және мүмкіндігі шектеулі жандардың ата-аналары автокөліктің номерін тіркеудегі баж салығынан босатылады. 5. Мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасын мекеме басшысы жұмыстан екі жағдайда шығара аламайды. А) Мекемеде қызметкерлерді қысқарту болған жағдайда В) Мекеменің өнім өндіруі азайғанда мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасын жұмыстан шығара алмайды. 6. Барлық топтағы мүгедектері, сондай-ақ мүгедек баланың ата-анасы жер салығынан босатылады 7. Мүмкіндігі шектеулі балалардың және олардың ата-анасы жеке куәлікке және құжаттама үшін мемлекеттік салықтардан босатылады. 8. Мемлекеттiк органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулық жағдайын, қажеттіліктері мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, оны оқыту, кәсiптiк даярлау, лайықты жұмыс тауып беру және жұмысқа орналастыру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi. Қымбатшылық орнаған кезде мемлекет тарапынан бөлініп отырған жәрдемақы барлық отбасына бірдей жете бермейді. Себебі біреуінің ата-анасы бар болса біреуінің әкесі немесе анасы болмайды. Ал ата-анасы бар болса да жұмыс істемей баласына қарап отыратын ата-ана қаншама. Жалғыз басты ана немесе әке баланы қарап отыра ма әлде жұмыс жасайды ма? Осы жағдайға қарап мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына, әлеуметтік жағдайына қарап қаржылай ай сайын жәрдемақы берсе. Сабақты ине сәтімен, әр нәрсе, өз уақытысымен болар деп күтіп жүргендер қанша ма? Мемлекет мүмкіндігі шектеулі отбасылардың бәріне жеткілікті көмек көрсетсе. Жұмысқа тұра алмай, баспана мәселесінде шеше алмай жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созса нұр үстіне нұр болар еді.

Дайындаған: Ақнұр МҰХТАРХАН

«Қамшы» сілтейді

http://qamshy.kz/home/show/21629

Көрудің саны: 340  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру