Мал басы еселенуде

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына барлық жағдай жасалып келеді. Соның ішінде мал басын асылдандыру ісі мен ет және сүт өнімін өркендету бағытында мемлекет қаржыны аяған емес. Есесіне, бүгінгі таңда бұл бағытқа жұмсалған қаржылардың нәтижесі, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының өрісін кеңейтуде. Еліміздегі ауылшаруашылығы саласы өркен жайды. Осының бір дәлелі, Елбасы айрықша басымдық берген «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары, тірлігін малмен сабақтастырған жұртшылықтың ертеңге деген сенімін маздатты.

Қазіргі күні елімізде шаруалар бағдарламалар игілігін көптеп сезінуде. Ежелден төрт түлігін өріске өргізіп, әлеуетін арттырған халықтың малсыз күнін елестете алмасымыз анық. Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары жоғарыда көрсетілген бағдарламалардың тиімділігін шынайы сезініп, мал басын асылдандыруға бар ынта-жігерлерімен кірісуде. Соның бір айғағы ретінде, Арал ауданына қарасты Қосжар елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ғалия Шағамбаеваны айтсақ болады. Ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Арал ырысы» несие серіктестігі арқылы 1 млн 900 мың теңге көлеміндегі қаржығы қол жеткізіп, бүгінде 10 бас сиыр, 1 бас бұқа сатып алып, шаруасын ілгерілетіп отырған жандардың бірі. Осылайша зеңгібаба тұқымын түлетіп, олардан алынатын өнімдер арқылы табысқа кенелуді көздеген кәсіпкер елімізде мұндай мүмкіндіктер жасалып жатқанына дән риза. Сонымен қатар, «Досбол»  шаруа қожалығы мемлекет беріп жатқан мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «Құлан» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, оған 14 бас бие мен 1 бас айғыр сатып алып, шаруашылық көкжиегін кеңейтуде.

Иә, «Мал баққанаға бітеді»,-демеуші ме еді дана халқымыз. Бүгінде сол аталы жолдан адаспай, халқымыздың күнкөрісіне айналған мал шаруашылығын жандандыруда өзіндік үлестерін қосып келе жатқан қосжарлық шаруалардың алдағы жоспарлары да ауқымды. Мыңғырған малымен мақтана аламаса да, еліміздің өсіп, өркен жаюына өзіндік үлестерін тигізіп келе жатқандарына марқаяды олар.

А. Қарасай.

Көрудің саны: 45  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру