Мектеп құрылысы қарқынды түрде қолға алынуда

Қалада құрылысы қарқынды қолға алынып жатқан маңызды нысандардың бірі-№14 мектеп-лицейі. Үлкен аумақты алатын осынау құрылыс нысанында атқарылып жатқан жұмыстармен таныспақ болып, арнайы бардық. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді қолға алған «Өмірзақ» ЖШС-нің прорабы А.Рамбердиевпен тілдесудің сәті түсті. Қызу құрылыстың алаңына айналған жерде бірде-бір жан қол қусырып қарап отырған жоқ. Жоспарлы жұмыс болғандықтан ба, бәрі де өзіне берілген міндетті істі уақытысында аяқтауға асық. Айта кету керек, қай құрылыстың да қарқынды жүруіне бірден-бір себепші техника екені анық. Осы техникалардың көмегімен қыруар іс өз уақытысында тындырылып жатыр. Бүгінде аталмыш құрылыс алаңында 7 техника тынымсыз еңбек етуде. Оның екеуі «КАМАЗ, екеуі пагрузчик, біреуі кран. Тағы да негізгі жұмыстарды бітіруге күш салатын техникалар да бар. Ал, құрылыс алаңында еңбек етіп жатқан құрылысшылар саны 30 адамдай. Әзірге мұндағы жұмыс негізінен техниканың көмегімен бітетін болғандықтан адам саны аз. Іргетас қою жұмыстары осы айдың соңына аяқталып жатса, алдағы уақытта осынау жерде 200-дей адам жұмыс жасайды деп күтілуде.

802,0 млн. теңге. Бұл осынау жобаның сметалық құны. Үстіміздегі жылы мектеп құрылысының бастау алуына республикалық бюджеттен 225 000, 0 млн. теңге қаржы қаралған. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тынымсыз еңбектің арқасында тыңғылықты іс қолға алынуда. Құрылысқа қажетті материалдар да уақытылы жеткізіліп жатыр. Қазіргі таңда жабынды ретінде қолданылатын плиталар толығымен әкелінген. Ғимараттың сыртқы бетінен қапталатын кірпіштер де жеткізілген. Көптеген еңбекті қажет ететін алып нысанның ауқымды құрылысы осылайша жалғасын тауып жатыр.

-Құрылыстың сапалы жүргізілуі үшін біз жұмысшыларға қажетті жағдайды жасап келеміз. Жалпы, басшылықтың талабы осындай. Нәтижесінде, кестеден кешікпей, жоспарлаған жұмысты өз уақытысында тындырудамыз. Өзіңіз көріп тұрғандай, мектептің алғашқы іргетасын қою жұмыстарын да жобалап қалдық. Алдағы мақсат-күн салқындамай тұрып қабырғаларын өріп, төбесін жабу. Бұл жұмыстарға қажетті құрылысшылар легі алдағы уақытта келетін болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, біздер өзімізге қажетті жұмысшылардың денін жергілікті жерден аламыз. Қазір де солай. Себебі, жұмыссыздық қай өңірде де байқалады. Біз осы бір мәселенің оңтайлы шешім табуына сәл де болса өз үлесімізді қосқымыз келеді. Қай жерде де талап жақсы болса, жұмыс нәтижесін береді деп білемін. Ал, егер солай болып жатса, келер жылдың жаңа оқу жылына дейін жаңа мектепті пайдалануға толықтай дайын етеміз,-дейді «Өмірзақ» ЖШС-нің прорабы А. Рамбердиев.

Қолға алған жұмыстың бәсеңсімей, өз деңгейінде жүргізіліп жатқанына біз де қуандық. Өйткені, бастала салысымен жұмысы тұралап, уақыт өте «сақалды құрылысқа» айналып жатқан кейбір ғимараттардың болғанын бірнеше мәрте өзіміз де көрдік. Сондықтан, жоспарлы жұмыстың өз уақытысында мәресіне жеткені көбіміз үшін құптарлық жағдай.

Иә, қаншама жанның ортақ нәпақасына айналған осындай құрылыс жұмыстары ауданымызда көптеп қолға алынуда. Біз соның бірін де бірегейін тілге тиек еттік. Бастысы, ауданның экономикалық даму көрсеткішін еселеп, еліміздегі алаңдарлық жағдайға жеткен аппатты мектептердің қатары жойылып келе жатқанына қуанамыз. Осы орайда, маңызды істі қолға алып, құрылыстың сапалы жүруіне күндіз-түні тынбай үлес қосып жатқан құрылысшы қауымның еңбегі жансын дейміз. Алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

А. Қарасай.

Көрудің саны: 15  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру