Мемлекеттік қызметшіге талап күшейтілуде

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов аудандағы мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесуді аудан әкімі М.Оразбаев жүргізді. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген еліміздің даму болашағын айқындайтын  бес басым бағыттың бірі, яғни бесінші басымдық-институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күресе отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылудың нақты жолдарын атап көрсетті.

Абзал Мұхимов Мемлекет басшысы бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің аттестаттаудан өткізіліп жатқанын, оның алғашқы қорытындыларымен бөлісті. Ол еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін мемлекетті кәсібилендірудің, әсіресе, кәсіби аппарат құруда мемлекеттік қызметшілер мансабының, оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі негізінде құрылуының маңызы жан-жақты әңгімеледі. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби әрі белсенді ұстанымы, жұмысты тиімді ұйымдастыра білу дағдысы, әдептілік жөніндегі көзқарасы, заман талабына сай сұраныстарға жауап беруі сынды қызметтермен бағаланатынын да айтып өтті. Сондай-ақ, Елбасы Жарлығымен құрылған Әдеп жөніндегі кеңестің өткен жылы атқарған жұмыстарын ортаға салып, 10 отырысында 51 мәселе қаралып, 18 мемлекеттік қызметшінің лауазымынан босатылғанын айтты. Сондай-ақ, көрсетілген мемлекеттік қызмет бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелерімен бөлісті. Кадрлар резервін дайындауда, білікті мамандарды меритократия жолымен өсіріп, тәрбиелеуге басымдық беріліп отырғанына тоқталды.

Одан әрі А.Мұхимов мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау бірнеше деңгейде өткізілетінін, оның бірінші деңгейдегісі Жоғарғы, екінші деңгейдегі облыстық, ал үшінші деңгейдегі аттестаттау аудандық, қалалық аттестаттау комиссиялары құрылып, аймақ бойынша 2716 мемлекеттік қызметшінің өтетінін айтты. Әр саладан комиссия құрамына кіретін өкілдерді атап, комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді көздейтінін ортаға салды. Қорытындысында, аттестаттау комиссиясының қабылдаған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға, лауазымын төмендетуге немесе оны жұмыстан шығаруға негіз болатыны жөнінде түсіндірді. Сонымен, кешенді аттестаттау арқылы мемлекеттік қызметте білікті, білімді, бәсекеге қабілетті кадрларды қалыптастырып, өз кезегінде бұл кәсібилендірілген мемлекеттік аппарат құруға басты негіз болатынын ортаға салды.

Кездесу барысында Арал аудандық аумақтық инспекция басшысы А.Әбішев, Әділет басқармасының бастығы З.Айтжанова мемлекеттік қызметшіге қатысты бірнеше сауалдар қойды. Аудан әкімі М.Оразбаев жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшіге қойылып отырған талаптың күшейіп отырғанын, ауданның мемлекеттік қызметшілері де аттестаттау қорытындысы бойынша көш басында болатынын айта келе, Арал ауданының атынан Абзал Сансызбайұлына ризашылығын жеткізді.

Қ. Ержігітқызы.

Көрудің саны: 142  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру