Құрбан айт мерекесі ұлықталды

Қасиетті айт күндері барша мұсылмандарды ізгілікті амалдар жасауға үндейтін күндер. Әрбір мұсылман баласы айтта тек қана құрбандық шалумен шектелмей, ағайын-туысына, мүгедектер мен мұқтаж жандарға, көршілері мен жетімдерге қолұшын беріп, қайырымдылық пен қамқорлық таныту арқылы қоғамның тұтастығына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады.

Осы қасиетті Құрбан айт мерекесі ауданымызда да жыл сайын кең көлемде аталып келеді. Құрбан айттың алғашқы күні Арал аудандық орталық мешітіне асыққан жандардың қарасы көп болды. Мейірім мен бірлік мерекесі күні мешіт ауласындағы халықтың бір біріне деген ықылас-мейірімі мен ізгі тілектері көңілді жібітті. Жиналған жамағат айт намазына қатысып, арабшадан аударғанда «қайта оралу» деген ұғым беретін осынау күнмен қайта қауышқанына қуаныш білдіріп жатты.

Аудандық мешіттің бас имамы Съезбек Евилхан жұртшылыққа уағыз айтты. Сондай-ақ, имандылық үйіне арнайы келген аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы Оразбаев барша мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтады.

Ұлық мерекенің алғашқы күні 4 сиыр мен 50 қой құрбандыққа шалынып, жағдайы төмен отбасыларға, зағип жандар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, барлығы 500-ге жуық отбасыға таратылды.

 Оңталап ЖОЛДАСОВ.

Көрудің саны: 31  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру