Құрылым жарты жылдықты қорытындылады

Қоғамда төртінші билік саналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орны әрқашан басқалардан бөлек. Онда айтылатын ой мен өткір көзқарастар қашанда халықтың жүрегінен орын тауып жатады. Осының бәрі біздегі БАҚ саласына басымдықтың ерекше екенін байқатса керек. Бүгінде облыстағы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық, аудандық газеттердің басын біріктірген іргелі қара шаңыраққа айналды. Оның қарамағында қазіргі таңда бес жүзге тарта қызметкер жұмыс жасайды. Міне, ел ішіндегі жанға жағымды жақсы жаңалықтардың жаршысы болып, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған серіктестік жарты жылдықыты жетістікпен қорытындылады. Алдымен, жетістіктер мен алдағы  міндеттер сараланды.

«Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында жоғары дәрежеде ұйымдастырылған семинарға Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Алдымен, «Бірінші жарты жылдық көрсеткіштері мен алдағы меже» атты көшпелі алқа мәжілісі бастау алды. Оны «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Оңғарбаев ашып, жүргізіп отырды. Семинарда бірінші болып «ІІ жарты жылдыққа баспасөзге жазылудың қорытындысы туралы» бас директордың бірінші орынбасары Марат Аралбаев хабарлама жасады. Сосын, аталмыш серіктестіктің әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бота Танирбергенова «Лауазымдық міндеттемелерге енгізілген өзгерістер және әкімшілік бөлімнің І жарты жылдықтағы есебі туралы» баяндады. Мұнан соң, «Жарнама қызметінің жарты жылдықтағы көрсеткіші туралы» жарнама бөлімінің басшысы Кенже Оспанова хабарлама жасады. Көтерілген бұл мәселелерден соң алқа мәжілісі қорытындыланып, нақты тапсырмалар берілді.

Артынша, «Ақпараттық саясаттың ауқымды міндеттері» атты көшпелі семинар өтті. Бұл семинарға «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры А. Оңғарбаев төрағалық етті. Алғаш болып, «Баспасөз және бүгінгі сұраныс» серіктестікке қарасты газет және сайт қызметтерінің жарты жылдықтағы жұмыс көрсеткіштері туралы» бас директордың орынбасары Қуат Шарабадинов жиналғандарға хабардар етті. Бұдан бөлек, «Ақпараттық бәсекенің бүгінгі бет-бейнесі» жөнінде «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Дастанбек Садық пен «Газеттің сайт қызметіне журналистердің машықтану қабілеті» туралы «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әділжан Үмбеттер жан-жақты баяндады. Семинарда көтерілген соңғы мәселе «Газет және оқырман талғамы». Жергілікті басылымның беделін көтерудегі жұмыстар туралы» аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Шымкентбай Жылмағанбетов кеңінен баяндады. Семинарда талқыланған мәселелер осылайша сараланды. Бастысы, айтылған ойлар мен ауқымды мәселелерден қандай да бір нәтиже шығару маңызды. Осы жөніне тоқталып, әріптестерге алдағы жұмыстың сәттілігін тілеген «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры А. Сақыпұлы көшпелі семинарды қорытындылады.

 Түс ауа маңызға ие ауқымды семинар аясында шағын футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Оған ауыл әкімдерінен құралған команда, Арал аудандық әкімдігі аппараты қызметкерлерінен және «Сыр медиа» ЖШС-нің қызметкерлерінен құралған  командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарты сағаттық ойын кестесі бойынша алғаш болып «Ауыл әкімдері» мен «БАҚ қызметкерлері» командалары кездесу өткізді. Ойында «БАҚ қызметкерлері» командасы ерекше ойын үлгісін көрсетіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Бес минуттық үзілістен соң, алаңға «Ауыл әкімдері» командасы мен «Аудан әкімдігі қызметкерлері» командасы шықты. Ойында «Аудан әкімдігі қызметкерлері» командасы қарсыластарының қақпасына бірнеше гол соғып, шешуші сайысқа шықты. Жолдастық кездесудің соңғы сынында «БАҚ қызметкерлері» командасы мен «Аудан әкімдігі қызметкерлері» командасы өзара бақ сынасты. Тартысқа толы ойын қорытындысы бойынша жеңіске «Аудан әкімдігі қызметкерлері» командасы жетіп, жасыл алаңның жеңімпазы атанды. Жолдастық кездесуге қатысқан барлық ойыншыларға арнайы дипломдар мен кубоктар табысталды.

Иә, қоғамның қай саласымен болмасын етене араласып, елдегі жетістіктер мен жағымды жаңалықтардың жаршысы болып келе жатқан шығармашыл ұжымның басын біріктірген ауқымды семинар, көптің көңілін көтеріп, қатысушылардың алдағы жұмысқа деген құлшынысын арттыра түскендей. Себебі, мұнда көптеген мәселе талқыланып, маңызды деген пікірлер ортаға салынды. Көңіл де көтеріліп, ойынға да уақыт табылды. Бастысы, аптаның жеті күнінде шығармашылықпен айналысып, қаламын қару ететін журналистер қауымы бір сәт естен кетпес күндердің куәсі болып, ерекше көңіл-күймен тарасты. Маңызға ие көшпелі семинар алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба бермек.

А. Бисенов.

Көрудің саны: 21  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру