Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үлескерлік құрылыс жобасы бойынша өтініш қабылдай бастады

Бүгіннен бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары «Millenium Park-2» (14-блок, 2-таңба) тұрғын үй кешеніндегі салынып жатқан пәтерлерді сатып алуға қатысу үшін өтініш бере алады.

Кешен Астанадағы Тәуелсіздік алаңының маңында «Өз үйім» бағдарламасының аясында бой көтеруде. Құрылыс 2018 жылы ақпан айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал қазір банк клиенттері үлескерлік құрылыс қатысушысы атанып, тұңғыш рет болашақ пәтерді кепіл ретінде пайдалана отырып, несие ресімдей алады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – «Өз үйім» бағдарламасының аясында Қазақстандағы Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдігі бар үлескерлік құрылыс жобасы бойынша несиелендіретін жалғыз ұйым. Бұл біздің салымшыларымызға салынып жатқан үйді белгіленген бағамен алуға мүмкіндік беріп отырғанымызды білдіреді», – деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Әділет Қожанбаев.

Үлескерлік жобаға қатысу қауіпсіздігін Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) қамтамасыз етеді. Ұйым құрылыс жүргізушілермен қажет келісімшарт бекітті. Кепіл жағдайы туындаса, яғни құрылыс иесі банкротқа ұшыраса, ақша мақсатсыз жұмсалса, пайдалануға беру мерзімі сақталмаса, Кепілдендіру қоры құрылысты аяқтайды.

«Құрылыс жүргізіп жатқан «Корпорация БАЗИС-А» ЖШС мен оның уәкілетті компаниясы «Аллея тысячелетия-2» ЖШС-ның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын «Millenium Park» тұрғын үй кешені құрылысы бойынша үлескер ретінде жобаға қатыстыра алатынына қуаныштымыз. Бұл біздің Қордың кепілдігіне қол жеткізудің арқасында мүмкін болды. Салымшылар өз кезегінде құрылыстың аяқталатынына сенімді бола отырып, баспана сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізді», – деп мәлімдеді «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Оңаев.

«Millenium Park-2» (14-блок, 2-таңба) тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер негізгі даярлығы аяқталған түрде болады және жайлылықтың 4-класына сай келеді. Барлығы банк клиенттеріне 100 пәтер бөлініп отыр. 1 шаршы метрінің бағасы 290 000 теңгені құрайды. Бұл – ТҮҚЖБ салымшыларына арналған арнайы баға, аталған пәтерлердің нарықтық құны бұдан әлдеқайда жоғары.

Өтінішті 2017 жылдың 27 қыркүйегіне дейін беруге болады. Ол үшін ТҮҚЖБ интернет-ресурсындағы www.hcsbk.kz «Жеке кабинет/Интернет-банкинг» бөліміне кіру қажет. Өтініш берген кезде салымшының шотында кем дегенде 500 000 теңге болуы тиіс.

Банк клиенті пәтер сатып алу пулына кіріп жатса, төлем қабілеттілігін растау сәтінде оның депозитінде үй бағасының 50%-ы болуы керек. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% болатын тұрғын үй кепілдігі немесе жылдық мөлшерлемесі 7,5-8,5% болатын аралық кепілдік түрінде береді.

24.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/turgyin-uy-kuryilyis-jinak-bank-uleskerlk-kuryilyis-jobasyi-boyyinsha-otnsh-100429/

Көрудің саны: 106  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру