Төреғали Төреәлі дәрігерлерге денсаулығы сыр беріп жүргенін айтты (фото)

Отандық әнші Төреғали Төреәлі шымкенттік дәрігерлерге өзі жиі науқастанып қала беретінін айтып, олардан бата сұрады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облысында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Төл мерекеде өнер көрсеткен әнші Төреғали Төреәлі жұртшылық алдында бас иіп сәлемдескен соң, ақ халатты абзал жандарға ағынан жарылды.

«Қасиетті Рамазан айымен орай келген төл мерекелеріңіз құтты болсын! Біздің де осылай шапқылап-шауып жүргеніміз әуелі Алланың, одан кейін өздеріңіздің арқаларыңызда. Оны жақсы білесіздер. Мен жалпы көп ауырамын. «Жұлдыз» ауырымен емес енді. Бірдеңе болса, ауырып қала беремін», — деп залдағыларды күлкіге қарық қылған өнер иесі көзінің нашар көретінін де жайып салды.

«Иммунитет «слабый» дей ме сондай ғой енді. Халықтың қаншама көзі бар, көз де жейді екен ғой. Сіздердің алғыстарыңызды, баталарыңызды алып кетуді жөн көрдім. Өзіме қорған жасап алайын…

Сосын менің көзім кішкене нашар көреді. Көзім нашар көрсе де, мен сіздерді жақсы көремін. Ардақты жандар, асыл жандар бұл өмірде жер басып жүрген қаншама пенделердің үмітін жандырған жандарсыздар. Қаншама жандардың сенімін оятқан жандарсыздар. Алла сіздерге екі дүниенің бақытын нәсіп етсін.

Бақыттарыңыз баянды, тағдырларыңыз аяулы болсын. Халықтың ауырмауын ойлап жүргенде, өздеріңіз де ауырып қалмаңыздар. Денсаулықтарыңыз мықты болсын», — деді эстрада жұлдызы.

Айта кетейік, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің құрметіне өткен мерекелік шарада өңірдің қос дәрігері Айгүл Иманова мен Вячеслав Цой аймақ басшысы атынан пәтер мен автокөлік кілтіне ие болды.

Дереккөз: Nur.kz
Көрудің саны: 163  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру