ӨТКЕН ОҚУ ЖЫЛЫН ТАБЫСТЫ АЯҚТАДЫҚ

«Білім-теңіз, мектеп-кеме» деген тәмсіл бар. Болашақ иелеріне бағыт-бағдар сілтеп, ел тұтқасын ұстайтын жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беретін ұстаздар қауымы міне келер жылдың оқу маусымына қызу әзірлік үстінде. Жалпы, уақыт алға озған сайын білім саласына айрықша көңіл бөлген мемлекетімізде ауыз толтырып айтатын жағымды жаңалықтар жетіп артылады. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатымен ұштасқан жемісті бағдарламалардың нәтижесі екенін атап өткеніміз жөн. Иә, бас тақырыпқа арқау еткеніміздей, қаладағы іргелі білім ұясы-№220 орта мектебі 2016-2017 оқу жылын табыспен қорытындылады. Оған дәлел, мектебімізде 4 «Алтын белгіге» үміткер деп танылған оқушыларымыз жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, үздіксіз еңбек еткен ұстаздарының сенімін ақтады. Исі қазақтың ойшылы Абай атамыздың «ұстазсыз- шәкірт тұл, шәкіртсіз- ұстаз тұл» деген қанатты қағидасы осы ретте де айна-қатесіз дәлелденді. Тарқатып айтсақ, 2016-2017 оқу жылында мектеп бітіруші 55 түлектің басым бөлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 16 оқушы 100 балдан жоғары көрсеткіш көрсетсе, олардың арасында Балжан Қаратаева, Ақмарал Мырзағұл, Дана Суханберлиева, Нұрила Төлемісқызы «Алтын белгі» иегері атанды. Сондай-ақ, Айнұр Қайыңбаева «Үздік аттестақа» қол жеткізді. Қазіргі таңда 18 оқушымыз жоғары оқу орнының гранты. Біздер, шәкірттеріміздің білікті маман ретінде ел дамуына өз үлестерін қосып, Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында баяндалған отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіре отырып, тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналатынына сенеміз.

Күләйша СҮЛЕЙМЕНОВА,
№220 орта мектеп директоры.

Көрудің саны: 43  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру