- «Толқын» - http://tolqyn.kz -

ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ СӨЗ БОЛДЫ

Жуырда «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен семинар өтті. Семинарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаева ашып, бүгінгі қоғамымызда жең ұшынан жалғасқан әрекеттердің белең алуы ел экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіріп отырғанын зор қынжылыспен ортаға салды. Сосын жиналғандарды жемқорлық әрекеттерге көз жұма қарамай, оған тосқауыл қоюға жұмылуға шақырды. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас инспекторы Алмас Такиров медицина саласындағы атқарылған жұмыстар мен сыбайластықты болдырмау бағытында қолға алынған шараларды кеңінен баяндады. Мұнан соң, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұғыман Жакудаев Елбасының әрбір Жолдауларында ерекше айтылған сыбайластықтың тамырына балта шабу төңірегінде атқарылған жүйелі жұмыстарды жеткізді. Семинарды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов аудан көлемінде жасалып жатырған шараларға тоқтала келе, ел болып жұмылғанда ғана, жемқорлыққа тойтарыс беруге болатынын атап өтіп, осы жолда бірлесе жұмыс жасалатынына тоқталды.

«Толқын» ақпарат.