Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырғызстанда мәйітті өртеу орындары салынады

Қырғызстанда мәйітті өртеу орындары салынады

Жогарку Кенеш депутаты Марлен Маматалиев Қырғызстанда мемлекеттік крематорийлер салынатынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, Қырғызстанда мәйітті өртеу керек деген пікірді қолдайтын адамдар тобы аз емес. Сондықтан көрші елдің құқықтық құжатында «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заңда крематорийлер салу туралы тармақ қарастырылған.  

«Қабылданған бұл заң еліміздегі кей дін өкілдеріне кремация жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі таңда жануарлардың өлексесін ашық, кез келген орынға лақтырып тастау фактілері жиі ұшырап жатыр. Салынатын крематорийлер осы олқылықты да түзейтін болады», деді қырғыз депутаты.

Көрші елде заң жобасы қабылданғаннан кейін 6 ай ішінде мәйітті өртеу орындарын салу ісі негізінде жекелеген ережелер, нормативтік құқықтық актілер әзірленбек.

«Мәйітті өртеу шарасы жауапты органдар арқылы жүзеге асады. Бұл әрекетті жасамақ болған тұрғындар, әуелі, бірқатар растау құжатын, туыстарының рұқсат қағазын көрсету керек. Кез келген адам қалаған уақытында мәйітті өртей алмайды», деп түсіндірді Марлен Маматалиев.

Айта кетейік, крематорийлер Қырғызстанның тек қалаларында ғана мемлекеттік бюджет есебінен салынады.

Фото: egemen.kz
02 наурыз 2024 ж. 521 0