Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Аралда болды

Аймақ басшысы Аралда болды

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында бірқатар нысанның ашылу салтанатына қатысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін бағамдады. Аймақ басшысы алдымен аудандық оқушылар үйін пайдалануға беру рәсіміне қатысып, жаңа ғимараттың жай-күйімен танысты. Оқушылардың игілігі үшін салынған нысанның ашылуымен құттықтап, лебізін білдірді.
– Баршаңызды аудандық оқушылар үйінің ашылуымен құттықтаймын! Жаңа нысанда өнерлі ұландар тәрбиеленіп, ауданның мәдени дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Мұнда балғындар түрлі үйірмелерге қатысып, өз шығармашылықтарын шыңдайтын болады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Нысанның құрылысы 2019 жылдың мамыр айында басталған. Сыйымдылығы 250 адамға лайықталған оқушылар үйінің құны 282,1 млн теңгені құрады. Бас мердігер «SСS Инжиниринг» ЖШС құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтады. Ғимараттың бірінші қабатында «Bioland», «IT» бағытындағы және «Би» үйірмелерінің бөлмелері орналасса, екінші қабатында «Шебер қолдар» үйірмесі мен фойеде суретшілер, жас қолөнершілердің көрмесі және акт залы бар. Мұнда оқушылардың шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Мұнан соң аймақ басшысы Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне  қатысты. Жаңа медициналық ғимарат 15 бөлмеден тұрады. Оның ішінде дәрігерге дейінгі көріну, қабылдау, тіркеу, егу, химизатор және әйелдерді қарау бөлмелері, лаборатория, дәрі сақтайтын қойма, ана мен бала және күндізгі емдеу бөлмелері бар. Қазір мұнда 15 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген. Облыс әкімі ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, амбулаторияның жұмысына сәттілік тіледі.
Сапар барысында облыс әкімі Жіңішкеқұм елді мекеніндегі №248 орта мектептің апаттық жағдайдағы спорт залын көріп, бақылады. Спорт зал ғимаратын Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес пайдалануға тыйым салынған. Мұнан бөлек, «Баспана Қызылорда» ЖШС сараптама қорытындысына сәйкес, ғимарат авариялық жағдайда деп танылған.
Мұнан кейін өңір басшысы Шөміш елді мекеніндегі кеңейтіліп және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген ішкі су желісін пайдалануға беру салтанатты жиынында болды. Аталған су желісінің ұзындығы 11,9 шақырымды құрайды. Ауызсу жүйесі «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асқан. Шөміш ауылының ақсақалы Қосмырзалы Шаханов ел игілігіне бағытталған игі іс көпшілікке қуаныш сыйлағанын айтып, облыс әкіміне алғысын білдірді.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың аудандағы сапары Қамыстыбас елді мекені тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан жеке кәсіпкер Жалғасбеков Талғаттың жол бойғы қызмет көрсету кешенінде қорытындыланды. Кәсіпкер кешенді өз қаражаты есебінен салған. Мұнда 80 адамға арналған ас бөлмесі, 10 жатын бөлме және намаз оқитын орын бар. Жаңа нысан жанынан жанар май құю бекеті де орналасқан. Облыс әкімі кәсіп иесін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кешен жұмысына сәттілік тіледі.
Осылайша облыс әкімі ауданға жасаған сапары барысында ел ішіндегі өзекті мәселелерге мән беріп, жаңа нысандардың ашылуына куә болды. Биыл ауданда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесі бойынша межеленген жұмыстар атқарылды. Г.Әбдіқалықова аудан әкімі М.Оразбаевқа бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды және тұрғындардың сақтық шараларын сақтау мәселесін назарда ұстауды тапсырды.
«Толқын» ақпарат
21 желтоқсан 2020 ж. 591 0