Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады
Бүгін, 17 ақпанда еліміздің 17 облысында және Астанада қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.Синоптиктердің мәліметінше, Астана қаласында түнде аздаған қар, күндіз қар аралас жаңбыр жауады. Көктайғақ, тұман күтіледі. Оңтүстік-батыс желінің екпіні күндіз 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Ақмола облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Ұлытау облысы және Абай облысы аумақтарында қар, боран, көктайғақ, тұман және желдің күшеюі болжанып отыр. Кей жерлерде жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Атырау облысы және Маңғыстау облысы аумақтарында жауын-шашын, тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.
Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы және Қызылорда облысы өңірлерінде тұман, көктайғақ, таулы аудандарда қатты жауын-шашын мен найзағай болжанады.
Синоптиктер жолда сақ болуға, алыс сапарларды кейінге шегеруге және төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін қадағалауға кеңес береді.
Фото: Н.Нұржаубай










