Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып отыр, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Президент жиын барысында қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық. Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында.
Мемлекет басшысы халықтың егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгенін айтып өтті.
«Біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады «, – деді ол.
Сөз барысында президент Қазақстанның тарихына тоқталды.
«Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем. Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі. Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрі қарай президент Алаш арыстары дербес мемлекет құру үшін жанын пида еткенін айтып өтті.
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зиялыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық. Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан тәуелсіздік алуындағы Елбасының еңбегіне де тоқталды.
«Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

kyzylorda-news.kz​​​
15 желтоқсан 2021 ж. 435 0