Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЦОН» мобильді қосымшасының жаңа сервисін 3 аптада 4 500-ге жуық адам пайдаланды

«ЦОН» мобильді қосымшасының жаңа сервисін 3 аптада 4 500-ге жуық адам пайдаланды

2025 жылғы 28 сәуірден бастап «ЦОН» мобильді қосымшасында зейнетақы мен жәрдемақы түрлерін есептейтін пайдалы сервис іске қосылды. Бұл азаматтарға үйден шықпай-ақ алдын ала әлеуметтік төлемдердің мөлшерін шамалауға мүмкіндік беретін ыңғайлы құрал.
Қызмет іске қосылған сәттен бастап 4 470 адам есептеулер жүргізіп үлгерді. Бүгінгі таңда калькулятор арқылы 8 әлеуметтік төлем/жәрдемақы мен зейнетақы түрлері бойынша 5 негізгі санатты есептеуге болады:
зейнетке шығу: базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы;
бала туу: жүктілікке, босануға немесе бала асырап алуға байланысты табыстан айырылу кезіндегі төлем, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
мүгедектік: еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлем;
жұмыссыз қалу: жұмысынан айырылу жағдайыбойынша әлеуметтік төлем;
жақын адамынан айырылу: асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем.
Айта кету керек, есептеу пайдаланушы енгізген деректер негізінде жүргізілетіндіктен, төлем нәтижесі шамамен көрсетіледі және ақпараттық сипатта беріледі. Әлеуметтік төлемдердің нақты мөлшері уәкілетті мемлекеттік органға өтініш беруші ұсынған мәліметтер негізінде есептеліп, ресми түрде тағайындалады.
Қызметті пайдалану үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын (Google Play және App Store-да қолжетімді) жүктегеннен кейін мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру сервисі арқылы авторизациядан өту қажет. Одан кейін тиісті бөлімді таңдап, қажетті деректерді енгізу керек.
Айта кетейік, «ЦОН» мобильді қосымшасы – электрондық қызметтерге жылдам қол жеткізуге мүмкіндік беретін жан-жақты цифрлық арна ретінде қарқынды дамып келеді.
Сұранысқа ие қызметтердің бірі - ХҚКО-ға кезекке тұру мақсатында алдын ала брондау функциясы. Апта сайын қосымша арқылы шамамен 60 000 электрондық талон беріледі, бұл кезекте күту уақытын едәуір қысқартып, қызмет көрсету жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті емтиханға жазылу қызметі кеңінен қолданылуда. Апта сайын теориялық емтиханға 8 000-нан астам, ал тәжірибелік емтиханға шамамен 7 000 адам жазылады. Сонымен қатар, сынамалық жүргізу тәжірибесіне тіркелу қызметін апта сайын орта есеппен 1 600 адам пайдаланады.
Қазіргі уақытта «ЦОН» мобильді қосымшасын 670 000-ға жуық пайдаланушы жүктеп, белсенді түрде қолдануда.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ
21 мамыр 2025 ж. 40 0