Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Қызылорда облысында өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті

Қызылорда облысында өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті

Kyzylorda-news.kz  Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы департамент директорының орынбасары Марат Есенов, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұловтың бейнебайланыс арқылы қатысуымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, штаб мүшелері, бизнес өкілдері, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы инвестиция тарту бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшымыздың бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық, Парламенттік және мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар туралы бастамалар көтерілді.
Өткен аптада Астана қаласында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырыстарында Ата Заңға енгізілетін түзетулер талқыланып, жаңа Конституция жобасы ұсынылды.
Өзгерістер негізінен биліктің құрылымдарын қайта қарауды, адам құқықтарын күшейтуді, мемлекеттік басқарудың жаңа институттарын енгізуді қамтыды.
Негізгі заңның құқықтық мәртебесінің күшеюі реттеуші ортаның болжамдылығы мен тұрақтылығын арттырады. Бұл инвесторлар үшін аса маңызды. Өйткені тұрақты конституциялық негіз құқықтық өзгерістердің кенеттен туындау тәуекелдерін төмендетіп, заң үстемдігін нығайтады.
Заң үстемдігі – ұзақ мерзімді инвестициялар үшін шешуші фактор. Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес сапалы инвестициялар ағынын арттыру, қосылған құны жоғары серпінді жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда Әлібек Қуантыров, Ризат Смағұлов инвестиция тартудың жаңа тәсілдері мен Инвестициялық омбудсменнің рөлі туралы айтты. Инвесторлар құқығын қорғауда аймақта атқарылған шаралар туралы Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, өңірдің инвестициялық ахуалы, жаңа жобаларды іске асыру барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев баяндама жасады.
Жиын соңында облыс әкімі сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, аймақта арнайы өңірлік инвестициялық штаб құрылған. Бүгінде Қызылорда облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысымен  774 млрд 468 млн теңге инвестиция тартылып, өсім 10,6 пайыз болды. Жоспар 22,7 пайызға артығымен орындалды. Сыр өңірі индикатордың орындалуы бойынша алдыңғы орынға шықты.
Жеке инвестиция үлесі 72 пайыз, тоғыз айдың қорытындысымен 205 млн. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, өсім 19,1 пайызды құрады.
Өткен жылы 300 млрд. теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары аймақта 1 трлн. 900 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд. теңгенің 21 жобасын іске қосу жоспарланған.
---
02 ақпан 2026 ж. 85 0