Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 16 мөлтек аудан ашылып, бес тұрғын үй кешені салынды

Қызылордада 16 мөлтек аудан ашылып, бес тұрғын үй кешені салынды

Өңірімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бастап 7 млн. 327 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал шаһарда мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңадан 16 мөлтек аудан ашылып, бес тұрғын үй кешені салынды. Бұл көрсеткіш 1991 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық.
«Егемендік алған 30 жылда облыста мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 443 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 9960 отбасы баспаналы болды. Биыл барлық қаржыландыру есебінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру межеленіп отыр. Яғни, 2408 пәтерді құрайтын 110 тұрғын үй. Құрылысқа мемлекеттік бюджет есебінен 13,4 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бұған қоса, Шиелі ауданында жалға берілетін төрт үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл келер жылға өтпелі болып келеді. Сонымен қатар, Сырдария ауданында 33 бірқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын», – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.
Облыс бойынша тұрғын үй алуға және емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 12542 өтінім қанағаттандырылған. Жалпы жұмсалған қаражаттың 55 пайызы баспана алуға пайдаланылған.
«Қазір облыста зейнетақы жинақтарын пайдаланушы 18-25 жас аралығындағы азаматтарымыздың үлес салмағы 5 пайызды құрап отыр. Бірыңғай зейнетақы төлемдеріне түскен депозиттер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің стандартты шоттарына бағынатын болады. Яғни, жинақ шоттарына 2 пайыз банк сыйақысы мен 20 пайыз мемлекеттік сыйақы есептелетін болады», – деді «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.

kyzylorda-news.kz​​​
21 желтоқсан 2021 ж. 2 019 0