Нұрқанат Серікбаев дзюдодан әлемдік рейтингіде үздік ондыққа кірді
kaz.inform.kz — Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады.
66 келідегі отандасымыз Нұрқанат Серікбаев Хорватиядағы Гран-приде жеңіске жеткеннен кейін алты сатыға жоғары көтеріліп, оныншы орынға жайғасты. Жаңартылған рейтингіге сәйкес қазақстандық спортшының еншісінде 2748 ұпай бар.
Бұл салмақта жапониялық Хифуми Абэ 5200 ұпаймен көш бастады. Оның жерлесі Такеши Такеока 5000 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Ал Тәжікстан өкілі Нурали Эмомали 4400 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Сондай-ақ жаңартылған рейтингіде Аман Бақытжан 60 келі салмақта үш саты жоғары көтеріліп, 22-орынға тұрақтады. Оның еншісінде 2145 ұпай бар. Ал 48 келі салмақтағы Ғалия Тынбаева бірден 13-орынға жоғарылап, 1141 ұпаймен 38-сатыға жайғасты.
Еске салсақ, екі қазақстандық дзюдошы да Загребтегі Гран-приде күміс медаль иеленген еді.
Бұдан бөлек, Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) алты саты жоғарылап, 1235 ұпаймен 40-орынға тұрақтады. Ал Эсмигүл Куюлова (63 келіге дейін) бірден он саты көтеріліп, 1103 ұпаймен 36-орынға табан тіреді.
Айта кетейік, шорт-тректен әлемдік турдың үшінші кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды.









