Элизабет Тұрсынбаева әлемдегі ең үздік 15 мәнерлеп сырғанаушының қатарына кірді

Жаңа рейтингте әйелдер арасында бірінші орынды канадалық Кэйтлин Осмонд алды. Сондай-ақ, үздік 5 спортшының қатарында 3 ресейлік: Евгения Медведева, Мария Сотскова, Алина Загитова бар. Үздік бестікті жапониялық Сатоко Мияхара қорытындылап тұр.
Ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева жаңа рейтингте 14-орынға тұрақтады. Сонымен қатар үш отандасымыз мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік рейтингіне кірді: Айза Мамбекова – 95-орын, Жансая Адыханова – 196-орын, Алана Тоқтарова – 261-орын.
Ерлер арасында бірінші және екінші орында жапониялық Юдзуру Ханю Сома Уноға бұйырды. Ал үздік бестіктің қатарына америкалық Нэтан Чен, ресейлік Михаил Коляда және испаниялық Хавьер Фернандес кірді.
Сондай-ақ жаңартылған тізімде қазақстандық спортшы Денис Тен 31-орынға тұрақтады. Ал Абзал Рақымғалиев 92-орыннан көрінсе, Артур Панихин 199-орынға жайғасты.
Айта кетейік, жақында Италияның Милан қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 186.85 балл жинап, жалпы әлем біріншілігінде 11-орынға ие болған.
Ал Оңтүстік Кореяның Пхенчханында өткен қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшы 12-орын алды.