Мүгедектік бойынша жәрдемақы көбейе ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері арта ма деген сұраққа жауап берді.
Азаматтық форумда министрге «үшінші топтағы мүгедек үшін 35 мың теңге – аз ақша, жалпы жәрдемақы өсе ме?» деген сұрақ қойылды.
«Ашығын айтқанда, алдағы жылдары индекстеуден тыс жәрдемақыны көбейту жоспарланбаса керек. Себебі қазір бюджетке байланысты қиындықтар бар. Алайда келесі жылы, әдеттегідей, инфляция деңгейі ескеріле отырып, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері міндетті түрде индекстеледі», – деп жауап берді Нұрымбетов.
Қазір мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері:
- I топқа – 62 723 теңге,
- II топқа – 49 983 теңге,
- III топқа – 33 975 теңге.
16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 45 736 теңге беріледі, I топтағы бала кезінен мүгедектер – 62 723 теңге, II топтағы бала кезінен мүгедектер – 51 943 теңге, III топтағы бала кезінен мүгедектер – 39 202 теңге алады.
I және II топтағы мүгедектер үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері – 4 140 теңге, III топтағы мүгедектер үшін – 1 778 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін – 2 667 теңге.
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға жәрдемақы 45 736 теңге мөлшерінде белгіленген.
Бала кезінен I топтағы мүгедектің күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы – 45 736 теңге.
kyzylorda-news.kz