Қаладан ауыл жасау заңы қабылданды

Құжат аутсорсинг компания жұмыскерлерінің еңбек құқығын қорғауға, олар өндіріс кезінде жарақат алса немесе соған байланысты қайтыс болса, өтемақы төлеуге және оларға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұның ешқайсысы болмаған.
– Еңбек мәселесі қашанда өте маңызды. Сондықтан бұл саланы заңмен қорғау үшін әрдайым нақты қадамдар жасалып келеді. Соның бірі – бүгін қабылданып отырған заң, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған орай, Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған байланысты аутсорсинг компания жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу кезінде кемсітушілікке тыйым салынады. Сондай-ақ қосымша жыл сайынғы төленетін еңбек демалысы, жоғарылатылған жалақы, ауыр, зиянды және қауіпті жұмыс істейтін аутсорсингтік компания қызметкерлері үшін қысқартылған жұмыс уақыты қарастырылған. Бұдан бөлек, Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстер мен бірқатар заңға түзетулер енгізу көзделген.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Ол әкімшілік-аумақтық құрылыс саласына қатысты заңнамаларды жетілдіруге арналған. Жоба Үкіметке қалалардың мәртебесін ауылға өзгерту мәселесін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу үшін өкілетті және атқарушы органдарға құзырет беру тетіктерін қарастырады.
– Осы құжат Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Алдағы уақытта бұл заң елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.
Сенат отырысында депутаттар Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметтен босату туралы мәселені де қарады. Ел Президентінің ұсынуы бойынша Сәкен Абдолла және Мәдениет Омарбекова Жоғарғы сот судьялары болып сайланды. Жаңадан сайланған судьялар ант берді. Сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынуына және Конституцияға сәйкес Гахарман Дүйсенбаевты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатты.
aikyn.kz