Министрліктердегі жауапты хатшы лауазымы қысқартылды
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жауапты хатшылар институтын тарату туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
«Қазіргі уақытта жауапты хатшыларды Президент тағайындайды және олар тиісінше жоғары статусқа ие. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін олардың міндеттері аппарат басшыларына жүктеледі. Аппарат басшыларын министрлер тағайындайды және оларға есепті болады.
Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңнан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормаларды алып тастау және оларды «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда аппарат басшыларына бекіту ұсынылады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова.
Заң жобасынан күтілетін нәтижелер:
– мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы;
– мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігін арттыру;
– мемлекеттік органдардың жұмысындағы кадрлық сабақтастықты сақтау.
inform.kz