Қызылорда облысында туберкулезге шалдығу жағдайлары азайды
Қызылорда облысында биыл туберкулезден көз жұму жағдайлары 35,3 пайызға азайды. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл жыл басынан бері облыс көлемінде туберкулездің 310 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Індеттен көз жұму деңгейі де 35,3 пайызға азайған. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында бірде-бір оқиға тіркелмеген.
«Есепті мерзімде туберкулез ауруына қарсы 17 245 сәбиге вакцинация және 9131 ревакцинация жүргізілді. Осылайша барлығы 26 376 балаға егу жұмыстары атқарылды. Егуден кейінгі асқыну жағдайы тіркелген жоқ. Жыл басынан флюрографиялық тексерумен облыс тұрғындарының 96,8 проценті қамтылған.
Санитариялық мамандар тарапынан туберкулезге қарсы екпенің маңыздылығы және туберкулезді алдын алу бойынша ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
inform.kz