1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы өсті
2021 жылдан бастап елімізде әйел адамдар 60 жаста зейнетке шығады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңда әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде, 6 ай сайын арттыру қарастырылған.
Осылайша 2027 жылы қазақстандағы әйелдер де 63 жасында өзінің жұмыс жолын толығымен аяқтамақ.
2018 жылдың 1 қаңтарында әйелдердің зейнет жасы 58,5 жылды құрады.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер 59,5 жаста шығатын болады.
2027 жылға қарай қазақстандық әйелдер 63 жаста зейнетке шығады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 60,5 жас;
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 61 жас;
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 61,5 жас;
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 62 жас;
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 62,5 жас;
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап — 63 жас.
Сонымен бірге, зейнеткерлік жастың ұлғаюы қазіргі уақытта зейнетақыны ерте алуға құқығы бар әйелдерге әсер етпейді:
– 5 немесе одан да көп бала туып (асырап алып), оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер - 53 жаста;
– Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қаупі бар аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 5 жыл өмір сүрген әйелдер - 45 жаста.
Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың балаларына күтім жасаған уақытын, бірақ әр бала 3 жасқа толғанға дейін, барлығы 12 жыл шамасындағы уақытын зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алу бойынша жеңілдік сақталды.
Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті жинақталған зейнетақы қаражаты бар ҚР азаматтары зейнетақы аннуитеті құқығын пайдалана алады.
Зейнетақы аннуитеті ерлер үшін - 55 жас, әйелдер үшін - 51,5 жас мөлшерінде белгіленген. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар 50 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.
Осыған дейін депутаттар зейнетақы жасын төмендету туралы мәселе көтерген болатын.
"COVID-19-дың жақындап келе жатқан екінші толқыны аясында, коронавирустың мутациялану қаупінің артуы, басқа да қауіпті вирустар штамдарының пайда болуы жағдайында қауіп-қатерге ұшыраған қарт азаматтарды қорғау және олардың өзін-өзі қалыпты оқшаулауы үшін барлық жағдайлар жасау өте маңызды. Азаматтардың пікірін негізге ала отырып, біздің азаматтарымыздың зейнетке шығу жасын азайтуды және оны әйелдер мен ерлер үшін 60 жастан бастап айқындауды ұсынамыз", - деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров.
Алайда үкімет депутаттардың бұл сауалын мақұлдамаған.
stan.kz