Орталық базар кәсіпкерлері екпе алды
ҚР Бас Санитариялық дәрігерінің №31 қаулысына сәйкес көпшілік орындарда жұмыс жасап, адамдармен жиі қарым-қатынаста болатын қызметкерлерге 15 шілдеге дейін екпе алу міндеттелген болатын.
Осыған орай, «Дархан» сауда қатарының директоры Ақыл Сәдуақасованың жұмыс кабинеті екпе алу бөлмесі ретінде жасақталды. Арнайы орынға жылжымалы медициналық мұздатқыш құрылғысы қойылған. Орталыққа бөлінген мейірбикелер негізінен базар қызметкерлеріне екпе салуда. Вакцина салу ережесіне сәйкес барлық талаптар сақталып, алдымен келушілердің денсаулық жағдайы тексеріледі.
Аталған орталықтан вакцина қабылдаған базар кәсіпкерлері жақын маңнан екпе салу орнының ашылғаны барлық жағынан тиімді екендігін айтып, ризашылықтарын білдіруде.
Атап өтейік, аудандағы бірқатар коммуналдық мекемелер ұжымдарына жылжымалы мұздатқыш арқылы вакцина тасымалданып, қызметкерлерге егу шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі