Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе алу – тіршілігіміздің кепілі

Екпе алу – тіршілігіміздің кепілі

Қазақта "Бірінші байлық – денсаулық" деп бекерге айтылмаған. Былайғы күндері науқастанып ауруханаға түспесек, ауырған  адамның халін біле бермейтініміз шындық. Ал жер-жаһанда пандемия белең алғалы біреу ауруханаға түстім десе, алаңдап, үрке қарайтын жағдайға жеттік.
Елімізде короновирустық инфекция белең алғалы қаншама миллион адам өкпені жегідей жеген тәж тажалдың құрығына ілігіп, мерт болды. Елімізге белгілі қаншама атпал азаматтарымыздан айырылдық. Тыныс алуы нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған қаншама ағайын-туыстарымыз көз алдымызда жантәсілім етті. Мұның барлығы жүрегінде иманы, сезімі бар адам баласы үшін оңай болмады. Аждаһадай араны ашылған тәжтажалдың алдында өзіміздің соншалықты дәрменсіздігімізді сезіндік. Алғашында медицина қызметкерлерінің өзі бұл індетке қарсы тұруға қауқарсыз болды. Науқасқа жәрдем беремін деп жүріп, өздері де вирус жұқтырып, көз жұмды. Бір жұтым ауаға зәру болған жақындарымызға жасанды тыныс алу аппаратын таба алмаған кездеріміз де болды. Аллаға шүкір, қазір жағдай жақсарды, мемлекет қор жасақтады, дәрігерлер де тәжірибе жинады.  Алайда уақыт өткен сайын вирустың түрлі штамдары пайда болып,  елді әбігерге салуда.
Бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе егу екендігін бүкіл әлем мамандары мойындап отыр. Сондықтан бізді індеттен енді тек осы екпе ғана құтқара алады. Бұл екпелердің барлығы да жыл бойы тәжірибеден өтіп, адам ағзасында антиденелер пайда болып,  иммунитет қалыптастыратын қабілеті бары дәлелденген. Айтайын дегенім, әлеуметтік желіде тараған небір алып-қашпа әңгімелерге сене бермей, маман дәрігерлердің кеңесіне назар аударғанымыз абзал. Сондықтан күнделікті тұрмысымызды карантин талаптарын қатаң сақтау және екпе алу арқылы тіршілігімізді жалғастыратын боламыз.

Мереке ТАЙЛАҚОВА,
қала тұрғыны
20 тамыз 2021 ж. 382 0