Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға шипайжаға тегін жолдама беріледі

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға шипайжаға тегін жолдама беріледі

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне шипайжаға тегін жолдама беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлімдеді, деп хабарлайды.
«Қазіргі кезде үкіметтің қарауында мүгедектігі бар адамдарға қатысты тағы бір маңызды заң жобасы жатыр. Құжат сенаттың бастамасымен әзірленді. Негізгі мақсат – мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту. Заң жобасы аясында заңнамалық актіге 38 өзгеріс енгізу жоспарланып отыр», – деді Әукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, заңнан «мүгедек» деген термин алынып тасталады. Себебі бұл сөздің кемсітушілік сипаты басым. Ал ондай отбасыларға «мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін отбасы» деген мәртебе ресми түрде беріледі.
«Сосын мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуіне немесе асыраушысына шипажайға тегін жолдама беруге қатысты ұсыныс бар. Бүгінде ондай шара заңмен реттелмеген», – деп атап өтті вице-министр.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алу квотасын орындамайтын кәсіпорындар өтемақы төлейді.
Айта кетері, мүгедектігі бар азаматтарға қатысты заң президенттің қол қоюына жіберілді. Оған сәйкес, жаңа жәрдемақы енгізіледі. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға қарайтын азаматтар да жәрдемақы алады. Сондай-ақ I-II топтағы мүгедек балалардың ауруына қарай жәрдемақының көлемі 16-37 процентке көтеріледі.
Сосын бұрын мүгедектігі бар балалар ана-анасынан айырылған жағдайда өз жәрдемақысын немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны, яғни екеуінің біреуін ғана алып отыратын. Ал жаңа заң бойынша екі жәрдемақы да беріледі.

kyzylorda-news.kz
28 қыркүйек 2021 ж. 485 0