Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие ала алмайды, шетелге шыға алмайды: Өзін банкрот жариялаған азаматтарға қойылатын шектеулер қандай?

Несие ала алмайды, шетелге шыға алмайды: Өзін банкрот жариялаған азаматтарға қойылатын шектеулер қандай?

Kyzylorda-news.kz. Банкрот деп танылған азаматтар бес жыл бойы ешбір банктен, микроқаржылық ұйымнан несие рәсімдей алмайды. Сондай-ақ үш жыл бойы шетелге шыға алмайды, деп хабарлайды Stan.kz.
Банкрот болған азаматтар туралы ақпарат ашық болады. Яғни кімнің несиесін төлей алмай банкрот болғанын өзге де азаматтар біле алады.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасында осындай шектеулер енген.
Айта кетейік, 1600 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 4 миллион тоғыз жүз мың теңгеге дейін несие рәсімдеп, 5 жыл бойы төлей алмаған, атында ешбір мүлкі жоқ азаматтар ғана өзін банкрот деп жариялай алады.
Банкроттау рәсімі сот арқылы немесе соттан тыс іске асады. Алайда уәкілетті орган несиеге белшесінен батқан азаматты бірден банкрот деп танымайды. Әуелі 6 ай бойы несиесін төлей алмайтынын бақылайды. Яғни банкроттық сұрап отырған азаматтың барлық дерегі көпшілікке де, кредиторларға да ашық болады.
Жарты жыл ішінде борышкер меншігіне мүлік иеленсе немесе мүліктік жағдайы басқа да жолмен жақсарып, берешегін өз еркімен өтей бастаса банкроттық рәсімін тоқтату туралы өтініш жасауға міндетті. Сол кезде ғана оның ақпараты жойылады. Алайда, 6 ай ішінде жағдайы жақсармаса борышкер банкрот деп жарияланады.
Банкрот болған азаматтың егер алименті болса, өзгенің денсаулығына зиян келтірген өтеуі болса ол міндеттемелерден босатылмайды. Заң жобасында «Азаматтар банкроттық рәсімді 7 жылдан кейін қайта пайдалануға құқылы» деген норманы бекіту ұсынылып отыр.
Айта кетейік, қаржы министрлігі мен мәжіліс депутаттарының әзірлеп жатқан заң жобасы әлі талқыланып жатыр, сондықтан бұл нормалары өзгеруі де мүмкін. Ал бір басында бірнеше кредиті бар азаматтардың кейбірі бұл заң керек емес десе, кейбірі қажет екенін айтады.

06 ақпан 2022 ж. 705 0