Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәресін ерте ішіп қоюға бола ма?

Сәресін ерте ішіп қоюға бола ма?

Биыл Рамазан айы 11 наурызда басталды. Muftyat.kz сәресін ішуге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануын немесе ең болмағанда су ішуін білдіреді. Үкімі – мұстахап (істесе сауап, ал орындамаса күнә саналмайтын іс) амал. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

"Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар".

Тағы бір хадисте:

    "Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді", – дейді.

Бұл жайлы имам Нәуауи: "Хадисте берекет бар деп келуі адам сәресіде тамақ ішумен қуат алып, ораза ұстауға белсенділігі және қызығушылығы артады. Сондай-ақ сәресі уақытында дұға жасалып, зікір айтылады. Алланың мейрімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Ол уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп сауапқа кенелу артықшылығы да бар", – деген.

Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс.

Сәресін ерте ішіп қоюға бола ма?

Ораза ұстаушыға сәресін таң намазына жақындатып ішу және аузын тездетіп ашқан сүннет болып саналады. Зайд ибн Сәбиттен жеткен хадисте былай делінеді: "Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сәресін ішіп болған соң, намазға тұратын едік".

Тағы бір хадисте: "Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын әрдайым жақсылықта болады", – делінген.

Сондықтан сәресін таң намазының уақытына жақындатып ішу әрі ауызды күн батқаннан кейін тездетіп ашқан дұрыс.

Фото: ашық дереккөз 


17 наурыз 2024 ж. 241 0