“Артық ақшаңыз болса, үйде ұстамаңыз...“ Депутат Дәулет Мұқаевпен сұхбат
Кейінгі кезде доллар бағамы өзгеріп, халықты үрей қысты. Massaget.kz тілшісі депутат Дәулет Мұқаевпен сұхбаттасып, қазақстандықтарға қажет болар маңызды кеңестер сұрады.
Дәулет Мұқаев артық ақшаны қалай сақтаған жөн екенін айтты. Депутаттың сөзінше, 6 ай немесе 1 жыл көлемінде мүлдем жаратпайтын ақшаңыз болса, шетел валютасы, соның ішінде дәл қазір долларда ұстаған дұрыс.
Бұдан басқа да жолдары бар. Бұл туралы Мұқаев былай дейді:
"Қазір қор биржалары да бар. Соның ішінде Америка қор биржасындағы компаниялардың акцияларын алу тиімді. Себебі ақшаны шетел валютасында депозитке салсаңыз, орта есеппен 1 жылдық өсім - 1 пайыз. Ал енді акцияның құнын білесіздер. Бір орында тұрмайды. Түсетіні бар, өсетіні бар. Бірақ мықты компаниялардың акцияларын алсаңыз, ұтылмайтыныңыз анық".
Ал қазір қолда артық ақша болғанымен, жұмсалатын жері дайын тұрса, оны долларға ауыстырып, әбігерге түсудің қажеті жоқ екен.
"Жинап жатқан ақшаңызды алдағы уақыттарда жарататын немесе Қазақстан ішіндегі қызмет көрсету салаларында пайдаланатын болсаңыз, теңгемен ұстаған дұрыс", - деп кеңес берді депутат.
Доллар бағамы көтерілгенде, жаппай сатып алу дұрыс па?
Дәулет Мұқаевтың пікірінше, бұл мүлдем дұрыс емес. Өйткені кез келген жағдайда сұраныс артқан сайын баға да өсе береді.
"Нарық бір-екі аптада тұрақталады. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Кезінде Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталған кезде доллар бірден өсіп, жұрт соны ала бастады, бірақ кейін жағдай қайта тұрақталды. Доллар 440 теңге деңгейінде болды. Өткен жолы тағы да доллар 540 теңгеге дейін өсіп, ал қазір 530 теңге деңгейінде тұр. Доллар көтерілген тұста бірден сатып алған дұрыс емес. Уақыт керек", - дейді сарапшы.
"2025, 2026 жылдар оңай болмайды"
Бұған дейін қаржы саласындағы сарапшылар алдағы жылдар халыққа оңай соқпайтынын бірнеше мәрте айтты. Депутат Дәулет Мұқаев та осындай пікірде.
"2025, 2026 жылдар халыққа оңай болмайды. Себебі қымбатшылық. Қымбатшылық тенденциясы бүкіл әлемде болып жатыр. Өйткені қазіргі геосаяси жағдай, АҚШ-тағы ахуал, президенттердің ауысуы, Трамптың келуі секілді мәселелер бар. Мұндай жағдайда ақшаны барынша үнемді жұмсау керек. Әр ақшаның өзіндік есебі болуы керек", - дейді ол.
Депутат "жетпейтін ақша жетпейді" деген түсінікпен өмір сүруге болмайтынын да айтты. Сондықтан ең болмағанда 10-15 пайыз жинап үйрену керек екенін жеткізді.
Айта кетейік, жуырда Үкімет мүшелері сарапшылармен бірге бюджеттік-салықтық реформалар жобасын талқылады. Талқылау барысында танымал сарапшы Расул Рысмамбетов те 2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайтынын мәлімдеді.
Инфляция жағдайында инвестицияны қайда құйған дұрыс?
Дәулет Мұқаев инфляция нарықтық экономикада болатын қалыпты құбылыс екенін, ол әр жылы әртүрлі деңгейде болатынын айтты.
"Бір жылдары инфляция 20 пайызға жуықтады, соңғы жылдары орта есеппен 9-10 пайыз деңгейінде. Оның да өзіндік деңгейлері бар. Азық-түлік, азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы, қызметтің инфляциясы - осылардың барлығын есептей келе ортақ инфляция шығарады. Айналып келгенде инфляциядан қаша алмаймыз. Уақыт өте келе ақша да құнсызданады. Бірақ ақшаның құнсыздану деңгейіне байланысты Ұлттық банк депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін бекітеді", - дейді ол.
Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазір ұлттық валютада ақша сақтайтын болсаңыз, банктер орта есеппен 14-15 пайыз жылдық мөлшерлеме көлемінде депозит беріп жатыр.
"Былтырғы көрсеткіш бойынша инфляция орта есеппен 9-10 пайыз деңгейінде. Теңгемен депозитке салсаңыз, инфляцияның деңгейімен есептесек, банк 15 пайыз көлемінде береді, инфляция - 10 пайыз, салыстырмалы түрде 5 пайыз ұтасыз", - дейді ол.
Дегенмен депутат инвестицияны білімге құю керек деген пікірде. Оның сөзінше, бұдан ешкім ешқашан ұтылмайды.
"Ең бірінші білімге жасаған инвестицияның қайтымы мол. Қазір заман тез өзгеріп, кейбір мамандықтар ескіріп жатыр. Соған сәйкес адам бір деңгейде отыра бермей, өзін дамытуы керек. Түрлі курс, түрлі салаларды оқып, білім дәрежесін көтерген адамға инфляция қорқыныш тудырмайды. Кезінде, 2000 жылдары инфляция одан да жоғары болды. Бірақ айналып келгенде білімі бар, еңбекке қабілетті, тіршілік ететін адамға ешқандай инфляция қорқынышты емес", - дейді Мұқаев.
Артық ақшаға баспана алып қою дұрыс па?
Қазақстандықтардың басым көпшілігі артық ақшаға баспана немесе қандай да бір мүлік алуды жөн санайды. Депутат осы мәселеде өз көзқарасын айтты.
"Қазақтың менталитетінде "балама бірдеңе қалсыншы, кейін өзінің баспанасы болсыншы" дейді. Екі жас той жасаса да өздерінің үйлері болсыншы деген оймен жүреміз. Қазақ үшін жылжымайтын мүлік алу тиімді инвестициялардың бірі деп айтар едім. Себебі үй арзандамайды", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, үй бағасына нарық, құрылыс материалдарының қымбатшылығы, құрылысшылардың жалақысы, салық, тағысын тағы әсер етеді.
"Бәрібір де қазақтың өзінің баспанасы болғаны дұрыс. Бірінші, екінші баспана - инвестиция. 2018 жылдары елге баспанаға бағыт беріп жүрген кезде Астана қаласындағы бір бөлмелі пәтер шамамен 10 миллион теңге тұратын. Қазір 10 миллион теңгеге үй таппайсыз. Кемінде 16-17 миллион теңге болып кетті. Өсімді қараңыз. 5-6 жыл ішінде шамамен 60 пайызға өсіп отыр", - дейді сарапшы.
Дәулет Мұқаев екі үйі бар адам үшінші үйді аларда ойлануы қажет екенін айтты.
"Екі үйі бар азаматтар үшінші үй аламын десе, коммерциялық ғимарат алған дұрыс шығар дер едім немесе артық ақшасына қор биржаларынан компаниялардың акцияларын алған жөн", - деп түйіндеді ол.
Фото: massaget.kz