Су тасқыны қаупі жоғары аймақтар аталды

Министрдің есебі
Министр наурыз, сәуір әдеттегіден жылы болатынын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп жауатынын мәлімдеді. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупі артуына ықпал етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіп орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
"Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды", - деді Ерлан Нысанбаев.
Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын да мәлімдеді.
Бектеновтің тапсырмасы
Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.
"Су тасқыны басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етсін", - деді Олжас Бектенов.
Фото: massaget.kz