Автоэволюция: адамзаттың арманы мен болашақтың тағдыры
Далам деп өлең айтамын.
Ұлың боп ойлап барам да,
Құлын боп ойнап қайтамын.
О, далам, менің байтағым,
Далам деп өлең айтамын.
Солған Ай болып барам да,
Толған Ай болып қайтамын.
Бұл қазақтың қадіріне айналған Қадыр Мырзаәлінің туындысы. Өмірді өзгеше таныған таланттың өлкеге өмір бере суреттеген 8 жолының өзі туған даланың, табиғат ананың құрметке лайықтылығын көрсетіп-ақ тұр. Ал біз өзімізді алақанында аялап, перзентіндей пана болған табиғат анамызға қандай құрмет жасап жатырмыз? Ойланатын сауал...
Жалпы қоғам өзгеріп, уақыт ілгері жылжыған сайын түрлі зауыттар, миллиондаған кәсіпорындар, көптеген салдардың әсерінен бүгінде экологиялық ахуал нашарлап бара жатқанын жасыра алмаймыз.
Әсіресе, көліктен шыққан улы газдың зардабы орасан. Алайда соңғы жылдары әлем елдерінде электрмобильдердің көбеюі жаһанның экологияға жанашырлығын аңғартып отыр.
Ал осы уақытқа дейін автомобильдердің даму тарихы жайлы 29 қаңтар – дүниежүзілік автокөлік күні қарсаңында айта кетейік.
Алғашқы автомобиль
Дәл осы күні автокөлік ойлап табылған. Осыдан тура бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын, нақтырақ 1885 жылы әлем алғашқы автомобильді көрді, ол көлік тарихын мәңгі өзгертіп, әлемді жаңа дәуірге алып келді. Оны ойлап тапқан – неміс инженері және өнертапқышы Карл Бенц. Өнертапқызтың туындысы – Benz Patent-Motorwagen, үш дөңгелекті көлік, қуаты тек 0,75 ат күшін құрайтын еді.
Бұл екі орындық үш дөңгелекті арба, салмағы 250 кг, шеңберлі дөңгелектерімен жасалған болатын. Бенц оған жаңа төрт тактілі бензинді мотор орнатты. Қозғалтқыштың суыту жүйесі бар және оның қуаты 0,9 ат күшіне тең еді.
Цилиндр артқы үлкен дөңгелектер осьінің үстіне орналасып, оларды бір белдікті және екі тізбекті белдік арқылы қозғалтатын. Машина біздің заманымызда күлкілі болып көрінетін жылдамдыққа ие болды. Бар болғаны сағатына 16 шақырым жүруге қауқарлы болды.
1885 жылы Карл алғаш рет үш дөңгелекті қозғалатын арбасын Мангеймнің тұрғындарына көрсетті. Бірақ бұл жаңалық аса қызығушылық туғызбады.
Алғашқы жүргізуші Карлдың жары – Берта Бенц болды. Ол әлемге бұл көлікті толыққанды көлік құралы бола алатынын дәлелдеді.
Бір күні Берта жасырын түрде машинаны алып, Мангеймнан Пфорцхаймға дейінгі 106 км қашықтықты жүріп өтті. Ол көлікті дәріханада жанармаймен толтырып, жолда оны шұлық пен түйреуішпен жөндеген.
1886 жылдың 29 қаңтарында, өнертапқыштық көптеген сынақтардан және кейбір жетілдірулерден өткеннен кейін, Motorwagen Герман императорлық патенті №37435 алды. 1887 жылы әлемдегі алғашқы автомобиль Париждегі көрмеде таныстырылды.
Бұл автомобильдерден тек үшеуі ғана жасалған, олардың екеуі белгісіз себептермен жоғалып кетті. Оларды ұрылар қолды етуі де мүмкін деген ақпараттар бар. Ал қалған жалғыз дана Мюнхендегі Герман музейінің сахнасында сақталып тұр. Бұл экспонаттың жағдайы өте жақсы. Тіпті оны әлі күнге дейін жүргізуге болады. Осы тарихи оқиғаға орай дәл осы 29 қаңтар автомобильді ойлап табылған күн ретінде аталып өтіледі.
Деректер дәйегі
Біздің айтқанымыздан бөлек автоэволюция жайлы дәйек те, дерек те көп. Кейбір әлемдік ақпарат көздерінде алғашқы темір тұлпардың прототипін 1672 жылы католик ұйымының мүшесі Фердинанд Вербист ойлап тапты делінеді. Ол Қытай императорына арнап арба – бумобилін жасап шығарды. Көмірмен 1 сағатқа дейін қозғалатын бұл көлік көбіне көрмеге қойылатын ойыншық арбаға ұқсайтын еді. Бұл арбадан жүк немесе жолаушы тасымалдап болмайтын.
Мұнан бөлек Вербист өз шығармаларының бірінде қазіргі мотор яғни қозғалтқыш сөзін алғаш болып қолданған. Бірақ шын мәніндегі іштен жанатын қозғалтқышты ойлап табуға тағы 2 ғасыр уақыт кетті.
"Ал Кюньо арбасы 5 тонна жүкті тасымалдай алған. Жанармайды энергия күшіне айналдырып беретін алғашқы қозғалтқышты 1807 жылы Франсуа Исаак де Ривас ойлап тапты. Қозғалтқыш сутегімен істейтін, оны оталдыру үшін ұшқын қолданылды. Бұл қозғалтқыш жаппай таралмаса да, де Ривастың арқасында басқа инженерлер де қозғалтқыштың жаңа түрін ойлап табуға шабыт алды" дейді massaget.kz ақпараттық порталы.
Көл-көсір көліктер
Жалпы 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі статистика бойынша Қазақстандағы көлік саны 4 млн 378 мыңға жетсе, өткен жылы 5 миллионнан асып, бұл көрсеткіш былтырғы 1 тамыздағы жағдаймен салыстырғанда 15%-ға өскен екен. 2023 жылғы шілдеде 169,3 мың автокөлік құралы есепке қойылды, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,8 есе артып, оның ішінде жеңіл автомобильдер 1,8 есеге, автобустар – 2,2 есеге және жүк автомобильдері 1,8 есе артыпты. Көліктің мұнша өсуі экологияға да өз әсерін тигізбей қоймайды. Әрі көлік кептелісін де тудырады. Мысалы, көлігі көп саналған мегополистер «Астана мен Алматыда кептеліс болмау үшін бір мезетте қанша көлік жүру керек?» деген сауалға сарапшылар былай деп жауап береді: Екі қалада да көлік саны ең көп жағдайлар таңғы 8:00 және кешкі 18:00-де байқалады. Осы уақытта жолдарда көлік саны көбейіп, жылдамдық ең төменгі деңгейге дейін түседі. Астана көшелерінде бір мезгілде 100 мың көліктен аспайтын жағдайда ыңғайлы қозғалыс болады. Қазір Астана жолдарында кептеліс кезінде шамамен 136 мың көлік қозғалады. Алматыда кептелісте 205 мың көлік жүреді. Ыңғайлы қозғалыс үшін бұл қалада көлік саны 170 мыңнан аспауы керек. Демек, жоғарыдағы статистикаға көз жүгіртсек, көлік саны жыл сайын көбейіп келеді, артпаса кемімейтіні аян. Енді қайтпек керек?! Мұндай мәселелер әлемнің барлық мемлекетіне тән. Дегенмен, олар бұның шешілу жолдарын жан-жақты қарастырып, тиісті жобалар мен жұмыстарды қолға алып жатыр. Соның бір мысалы – халықты велосипед тебуге ынталандыру.
Электромобильдер эволюциясы
Кәдімгі машинамен салыстырғанда іштен жанатын қозғалтқышты автокөліктер, электромобильдер тыныш, сезімтал, жоғары энергияны түрлендіру тиімділігі және жоқ пайдаланылған газдар шығарындылары, сондай-ақ жалпы алғанда төменірек көміртектің зиянын келтірмейтін көліктер бүгінде көптеп кездеседі. Мұның тарихы жайлы да көп айтуға болады. Себебі бұл бағытта жетістікке жетуді көздеген жандар аз болмады.
Десе де әлем бойынша 2023 жылы сатылды 14 млн электромобиль сатылды. Дәл осы уақыт электрмен жүретін көліктердің нағыз бәсекеге қабілеттілік танытқан кезеңі. Бұл көрсеткіш нарықтағы көлік сатылымының 18%-ын құрап, жетіп, 2022 жылғы 14%-дық мөлшерден асып түсті. Экологиялық ахуалды көздеген көптеген елдер электромобиль тұтынушыларды ынталандыру үшін жеңілдетілген салық, субсидиялар және басқа да ақшалай емес жеңілдіктер қарастырса, бірнеше елде қазба отынымен жүретін автомобильдерді сатуды тоқтату туралы заң шығарды.
Ал электромобильдер 2024 жылы әлемдік автомобиль сатылымының бестен бірінен астамын құрады.
Қазіргі уақытта бар электромобильдердің әлемдегі ең ірі қоры Қытайда. Ал көлік маркасы жағынан Tesla моделі дүниежүзіне ең көп таралған көлік ретінде танымал.
P.S. Иә, уақыт бізге көліктің қажеттілігін көрсетіп отыр. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын, шалғайды жақын ететін темір тұлпарды тізгіндеген кезде табиғат ананың да біздің мейірімімізге мұқтаж екенін ұмытпаған абзал.
Оңталап ЖОЛДАСОВ











