Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайнай бер, менің Аралым!

Жайнай бер, менің Аралым!

Теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал қаласы – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған тарихи мекен, өнер мен жырдың өлкесі. Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бас¬тан өткерген Арал – байлық көзі – балығымен, ақ алтыны – ас тұзымен әлемге әйгілі.
...Шекарасы Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарымен, Қарағандының Ұлытау ауданымен және Қара¬қалпақ Республикасымен шектесіп жатқан Арал ауданының тарихы ғасырға жуық уақытты қамтиды. Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан Арал теңізі бір кездері көлемі бойынша жер бетіндегі төртінші теңіз саналған. Бірақ теңіздің біртіндеп тартылып құрғауы экономикалық және экологиялық жағынан халыққа ауыртпалық әкелді. Қырық жыл экологиялық қасірет шеккен Арал халқы оның бар қиындығын қайыспай көтеріп, нағыз қайсарлық танытты. Болашаққа сеніммен қарады, міне, енді соның жемісін көріп отыр.
«Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» деп тегін айтылмаса керек. Әрбір азамат үшін кіндік қаны тамған топырақ киелі де қастерлі. Мен үшін де туған жерім Арал қаласы – аса қымбат. Мұндайда ақиық ақын Зейнолла Шүкіровтің:
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақ пейіл ана секілді
Алдымда жатыр далам кең! – деген жыр жолдары ойға оралады.
Үлкендердің шежіреге толы әңгімелерін тыңдасақ, ол кездегі Арал мен қазіргі Аралдың арасы жер мен көктей. Шабытыңа шабыт қосылып кететін шежірелі өңір – менің туған жерім бүгінде ажарлана түскен. Еліміз тәуелсіздіктің көк туын желбіреткеннен кейінгі уақыт аралығында Арал қаласының тыныс-тіршілігі жаңарып, жақсарды. Бақ құсы қай жерде ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық бар – сол жерге қонады емес пе?! Сол бақ қазір менің туған қаламда деп ойлаймын...
Жанқожа батыр мен Ақтан батыр көшелерінің тұсында, айдынды Аралдың ақиық ақыны Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің алдында тәуелсіз елдігіміздің рухани қос қанаты іспетті қос батырымыз – Жаңқожа батыр мен Ақтан батырдың тарихи ескерткіш тұлғалары қатар қондырылған. Қандай жарасымды! Жан-жақтан Арал қаласына келген қонақтар бұл ескерткішке соқпай кетпейді.
Арал қаласының бай тарихы, кітапханалардағы мол кітап қоры жастарды кешенді дамытуға бағытталған, спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы секілді 7 бағыттан тұратын «Елбасы медалі» ұлттық жобасына қатысқанымда маған көп көмегін тигізді. Арал архивтері мен музейлерінен қаншама құнды ақпараттарға қанықтым. Нәтижесінде ұлттық жобаның қола медалін иелендім.
...Бүгінде қала келбеті ажарланып, заман талабына сай түрлі ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар мен оқу орталықтары бой көтерген. Таза ауыз су, қала тұрғындарының игілігіне айналған табиғи көгілдір отын мен еңселі үйлер қала атауын айқындап тұрғандай.
Мен осындай туған қаламмен мақтанамын. Жайнай бер, жарқырай бер, Аралым!
Жанниет Хангелдина,
Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейдің оқушысы
27 қыркүйек 2022 ж. 609 0