Айдынды Арал халқына алғысым шексіз
Ардақты ағайын!
«Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» деп тегін айтылмаса керек. Әрбір азамат үшін кіндік қаны тамған топырақ киелі де қастерлі. Мен үшін де туған айдынды Арал өлкесі – аса қымбат.
Мен осы киелі Аралдың күніне маңдайым қызып, құмына табаным күйіп, топырағына аунап, шаңын жұтып өскен азаматтың бірімін. Менің ең тәтті, алаңсыз күндерім, қызыққа толы мектеп қабырғасындағы сәттерім, алғашқы еңбекке араласқан шағым, қызмет жолында сатылай өскен кезеңім, бәрі-бәрі туып өскен Аралыммен тығыз байланысты.
Мемлекеттік қызмет саласында жүрген соң қызмет ауыстыру тәртібі бәрімізге ортақ. Мінекей, бүгін Арал ауданының әкімі ретіндегі қызметімді тоқтатып, жаңа қызметке ауысып жатқан жайым бар.
«Елі қадірлеген ер бақытты» демекші, Сіздер маған қызмет жасаған жылдар ішінде ерекше қолдауларыңызды танытып, зор сенім білдіріп келдіңіздер. Кіндік қаным тамған туған ел арасында, баршаларыңыздың көз алдарыңызда қызмет жасап, жауапкершілігі жоғары ауданды басқару бақыты бұйырды. Осы жылдар ішінде Сіз бен біз болып, ауданымызда күрделі деген мәселелердің түйінін тарқату, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамыту мен өлке келбетінің ажарлануы бағытында айтарлықтай жұмыстар жасалды деп санаймын. Мен қашанда осы ауданның жеткен жетістіктерімен мақтанамын!
Ардақты ағайын!
Өздеріңіздің орталарыңызда жетістікке жетіп, өсіп, биіктерден көрініп жатсам ол – ең алдымен Сіздердің алғаусыз пейіл, ақжарма тілектеріңіз бен ақ баталарыңыздың арқасы деп білемін. Осы орайда, әрқашан қолдау көрсете білген аудан жұртшылығы мен әріптестеріме ыстық ықыластарыңыз бен шынайы көңілдеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді!
Теңізді өлкенің төскейіндегі қасиетті өңіріміз өркендей берсін, алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз аласармасын! Баршаңыздың жасап жатқан қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ізгі ниетпен, Мұхтар ОРАЗБАЕВ
"Толқын" ақпарат