Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылым-алтын бесігім!

Ауылым-алтын бесігім!

Кім-кім де кіндік қаны тамған жерін жер жаннатына балайды. Оның тамылжыған табиғатын, саф ауасын үнемі мақтан етеді. Әсіресе, маң дала төсінде жайылған төрт түліктің өрістен қайтқан шағындағы жамыраған дауысы саналарда жатталады. Мұның бәрі иісі қазақ баласын алтын бесігіне баланған ауыл құдіретін ұқтырса керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бүгінгі таңда тек Қазақстанда ғана емес, көршілес мемлекеттерде қызу талқыланды. Әсіресе, осы бір ұлт болашағына бағдар жасаған салмағы зор мақалада Президентіміздің: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қол қолдап қолдаймын. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы–шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. «Туған жер–әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай ұрпақтың өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу–шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі»-деген сөзі мені қалың ойға шомдырды.
Иә, алақандай ғана Ерімбетжаға елді мекенінде 60-қа жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Қарттары қазына, ұлдары ұлағатты, қыздары инабатты ауылымның қазіргі таңда ажары айшықты. Бір кезеңдердегі тоқырау жылдарда шаруашылықтарын тұралатып алған қауым бертін келе, Үкімет қамқорлығымен кәсіптерін өркендетті. Шәкірттердің уақыт талабына сай білім алуына барлық жағдай жасалып, ұстаздардың ізденіспен қызмет атқаруына мол мүмкіндіктер туды. Яғни, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей қолдауымен туған ауылымнан еңселі мектеп жұртшылыққа есік ашты. Ал, исі мұсылманның мінәжат етер қастерлі орнына айналған мешіт те ауылдағы елжанды азаматтардың атсалысуымен бой көтеріп, іші дәстүрлі дінді ұлықтаған жамағатқа толды.
Осының бәрі тұғыры биік тәуелсіздігіміздің арқасы. Елімізді өркениет көшіне бастаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі. Ендігі жерде, келешек иелері, біздер жоғарыда тілге тиек еткен мақаладағы басты қағидаларды санаға сіңіріп, ұлттық салт-дәстүріміз бен бабаларымыздың жүріп өткен өмір жолына тереңірек үңіле бермекпіз. Себебі, Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың:
«Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...»-деген өлең жолдары әрбір өреннің жүрек кестесінде тоқылып, баянды болашаққа деген сенімін маздата бермек.
Ақмаржан Ертөстікова.
08 желтоқсан 2017 ж. 3 074 0