Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылықпен емен-жарқын жүздесті

Жұртшылықпен емен-жарқын жүздесті

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын және ширек ғасырдан астам уақыттағы мемлекетіміздің бағындырған белестерін халықпен бірге талдау мақсатында облыстық ақпараттық-насихаттық топ ауданымызда болды. Алдымен Сапақ ауылдық округінің жұртшылығымен жүздескен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаевты көпшілікке таныстырған аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков дамудың даңғыл жолына түскен еліміздегі табысты істердің бәрі қалың бұқараның көз алдында екенін, серпінді жобалар Арал өңірінің де ажарын айшықтай түскенін сөз етті.
Мұнан соң, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Сейітқалиұлы: -Республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де қызу талқыланған Президентіміздің мақаласын ел алдында тереңірек зерделеу,-деп, ауыл тұрғындарын жуырда ғана кең көлемде тойланған Тұңғыш Президент күні мен алдағы Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сосын әрі қарай сөз сабақтаған ол, әлемде 7 мыңға тарта тіл бар екенін, олардың арасында қаншасы құрдымға кеткенін тілге тиек етіп, баға жетпес тәуелсіздіктің тәтті дәмін татқанымызға әрбір қазақстандық шүкіршілік етулері қажеттігін, жаһанда көптеген ұлт өкілдерінің мақтан тұтар көсемі, асқақтатар туы, мекендейтін жері жоқ екендігін ортаға салды.
Өз кезегінде, «Сыр медиа» ЖШС-інің бас директоры Аманжол Оңғарбаев: -«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік-қазақ халқына Тәңірдің берген баға жетпес сыйы. Аймақ басшысының қолдауымен құрылған серіктестік Ұлт Көшбасшысының үстіміздегі жылғы бағдарламалық мақаласын кеңінен насихаттау үстінде. Бұған тек зиялы қауым ғана үн қоспай, әрбір елім дегене азамат рухани құндылығымызды тү ген деп, кейінгі ұрпаққа жеткізуі үшін хат қа түсіріп қалдыруы тиіс,-деп, батыр бабаларымыздың қайсар болмысын сөзіне арқау ете әсерлі әңгімеледі.
Осынау мазмұны бөлек басқосу соңында ауыл қарты Тағыберген Тоқтаров батасын берді. Ақпараттық-насихаттық топ Аралқұм ауылдық округіне де аялдады. Еңселі мектептің залында кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Мерей Маманбайұлы Мемлекет басшысының салиқалы саясаты ауданымыздағы барлық ауылдарды қайта түлеткенін айтып, Аралқұмда да жарқын бастамалар көрініс тапқанына тоқталды. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов:
-Тоқсаныншы жылдардың басында шекара белгілеудегі Елбасының көреген саясатын атап өткеніміз жөн. Ұлы дала елін алға бастаған тұлғаның Қытаймен шектесетін жерімізді шегелеудегі жемісті қадамын бүгінгі ұрпақ біле жүргені жөн. Себебі, елең-алаң сол шақта әлем санасатын көрші мемлекетпен шекара нақтылау үлкен біліктілікті талап ететін шаруа еді. Қазіргі таңда ұлан-ғайыр даламыз бар. Әлеуметтің әлеуеті уақыт алға озған сайын жақсара түскен. Оны халық санының өсімінен-ақ айқын аңғара аламыз,-деп, отбасы беріктігін, бала тәрбиесін жан-жақты қаузады. Үкіметіміз қолға алған бағдарламаларға үлес қосып, кәсіп көкжиегін кеңейтудің, біреуге кіріптар болмаудың маңыздылығын да нақты дәлелдер мен түсіндірді. Ал, «Сыр медиа» ЖШС-інің бас директоры Аманжол Сақыпұлы: -Елбасымыздың «тәуелсіздік жемісін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Кеше мен бүгінді таразыласақ, Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адам танымастай өзгерген. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған ұлан-ғайыр даламызды қастерлеу ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс. Жаңа ғасырдағы ақпараттық тасқынға қарсы тұрып, сананы сілкінту кезек күттірмейтін мәселе,- деп жаңғыру дегеніміз тарихты қайта парақтау екенін жеткізді. Кездесу барысында Аралқұм ауылының тұрғыны Бақыт Перуашов, Орынбай Сахиев, Гүлханыс Көшерова, Арал Төлеуов өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Ал, зейнеткер Бекмұрат Қыстанов мазмұны бай кездесу ұйымдастырған насихаттық топ мүшелеріне ауылдастары атынан алғыс айтты. Әділдіктің ақ туын биік ұстаған әйгілі Же- тес би бабаның ауылын бетке алған наси- хаттық топ түс ауа халықпен кездесіп, ұлттық құндылықтар жөнінде өз ойларымен бөлісті. Яғни, жиын аясында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов:
-Жер бетінде тоя тамақ жемеген, кедейлік шырмауында қалған қаншама адам бар. Бұл жиі-жиі тұтанған соғыс өртінің салдары. Тәуелсіздік бізге не берді, деген сұраққа жауап іздесек, көп нәрсені анық байқаймыз. Артта қалған 26 жылда мемлекеттік функциялар кезең-кезеңімен жүзеге асты. Бір ғана мысал, Қызылорданың өзінде жиырмаға жуық көпір салынды. Өткенге көз жүгіртсек, мұндай жұмыс патша заманында да, кеңес дәуірінде де қолға алынған жоқ. Жаратқан иеміз қазаққа кең-байтақ жер берді, таусылмас кен берді. Көш басшылығымен әлемге танылып, ұлтын өркениет көшіне бастаған ер берді. «Елің байысын десең, жол сал» деген тәмсіл бар. Ауыл-аймақтардың басым бөлігі тақтайдай тегіс жолмен қамтылды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлттық мәселені қайта-қайта айта беруіміз керек» деген сөзін әрдайым қаперімізден шығармауға тиіспіз,-деп, халықты жалқаулыққа бой алдырмауға, еңселі ертеңге сеніммен қарауға үндеді.
Ал, «Сыр медиа» ЖШС-інің бас директоры Аманжол Оңғарбаев: -Осы жерде күрмеулі мәселені бір сөзбен түйіндеген Жетес би бабамыздың ізі бар, таңды таңға жалғаған жыраулардың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған сөзі бар ауылдың келешегі кемел деп білеміз. ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы Елбасы мақаласында кеңінен қамтылғандай жастарымыз ұлттың дамуына кедергі келтіретін өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартып, қанымызда бар асыл қасиетті бойларына сіңіргендері жөн. Елімізде оған барлық жағдай жасалуда. Патриоттық сезімді санада қалыптастырып, киелі жерлеріміздің әрбір сайы мен қырқасын, тауы мен өзенін мақтаныш еткеніміз ләзім,-деп, арғы-бергі замандардағы кемеңгерлеріміздің өнегелі өмірі туралы да сөз сабақтады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков ауданымызда Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен үндескен серпінді істер жалғасын тапқанын, апаттық жағдайдағы мектеп түгел дерлік жойылып, жатаған ғимараттар зәулім нысандармен алмасқанын айтып, соның бірі Ескіұра елді мекеніндегі білім ұясы екенін баяндады. Ауыл тұрғыны Тілепбай Жоланов ақ батасын берді.
Жалпы, рухани құндылықтарды көптің көкейіне қондырған жиында сынаптай сырғыған уақытпен үндесе, жаңа идеялар арқылы болашаққа нық қадам басудың алғышарттары шынайы сезіліп тұрды.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ.
Суреттерді түсірген А. ЕСЕНЖОЛОВ.
07 желтоқсан 2017 ж. 2 340 0